Қордайдағы төбелес. Билік органдары ақпаратты бүкпесіз жариялауда – Қарин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Facebook-тегі парақшасында Қордайдағы жағдайға қатысты ресми ақпаратқа жүгініп, Үкіметтік комиссия жұмысының нәтижелерін күту қажеттігін айтты.
Жамбыл облысы Қордай ауданыңда болған жағдайларға бәріміз де алаңдап отырмыз. Жағдайдың оңай емес екенін мойындауға тура келіп тұр. Ең алдымен, оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бір мемлекеттің азаматтары бейбіт күнде құрбан болуы бәріміздің де жүрегімізге ауырып тиіп отыр.
Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғалар орын алған сәттен бастап бірден жағдайды тікелей өз бақылауына алып, құзырлы органдарға тиісті тапсырмаларды берді. Қазіргі уақытта мемлекет басшысының тапсырмасымен шұғыл құрылған Үкіметтік комиссия оқиға орнында өз жұмысын бастап кетті. Билік органдары бар ақпаратты ашық, бүкпесіз әрі дереу жариялауда, мемлекеттік ақпарат құралдары да елді барынша жедел, нақты және шынайы ақпараттармен қамтамасыз етуде.
Желіде азаматтар негізінен оқиға салдарын анықтау барысында қаншалықты әділетті баға беріледі екен деп сұрақтар қоюда. Кінәлілер тиісті жазаларын алады. Бұған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Заң бәріне бірдей. Қазір, ең бастысы бұл трагедия басқа да жағдайларға ұласып кетпеуі тиіс. Дау шығарып, қан төгумен ешқашан да, ешқандай да мәселе шешілмеген, шешілмейді де. Бұл жағдай елдігімізге де, мемлекеттілігімізге де үлкен сын. Сондықтан, ресми ақпаратқа жүгініп, үкіметтік комиссияның жұмысының нәтижелерін күтейік, - деп жазды Ерлан Қарин.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы