Қордай ауданына мемлекеттік бағдарламалар аясында 21 млрд теңге бөлінді
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдай режіміндегі Қордай ауданындағы орта мектептерде жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілінде білім беретін сыныптар саны артады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев айтып берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда Қордайда төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру, жөндеу-құрылыс жұмыстары белсенді жүруде. Бұл шараларды бақылау, қадағалау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Зардап шеккен 65 нысанның 54-інде 30 сәуірден бастап үш мердігер компания қалпына келтіру жұмыстары басталды, - деген Ержан Жұматұлы Қордай ауданындағы өзге де ахуалды әңгімеледі.
Оның сөзінен белгілі болғандай, төтенше жағдай режіміне орай Қордайда құрылған "Щивон" қоғамдық қайырымдылық қорына 104 млн теңге қаржылай көмек аударылыпты. Өртенген үйлерді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру осы қордағы қаражат есебінен жасалып жатыр екен. Бүгінде 6 нысанда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Қалғандары тамыз айының соңына дейін бітеді деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, орташа, жеңіл зақымданған 103 нысан демеушілердің есебінен толық қалпына келтірілген.
Ал әлеуметтік-экономикалық қолдау шараларына келсек, аудандағы зардап шеккен 39 отбасыға 45 млн теңге сомасында көмек көрсетілді. Қосымша 936 отбасы 122 тонна азық-түлікпен қамтылды. Сонымен қатар, қайтыс болған азаматтардың отбасыларына ай сайын орта есеппен 55 000 теңгеден төленуде. Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған тұрғындарға және атаулы әлеуметтік көмек аясында 813 отбасыға барлығы 1,9 млрд теңге үлестірілді, - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.
Айта кетерлігі, Қордай ауданынаның бір өзіне биылғы бюджеттен "Нұрлы жер", "Нұрлы жол", "Өңірлерді дамыту", "Ауыл - Ел бесігі", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламалары бойынша 387 жобаны жүзеге асыру үшін 21 млрд теңге қаралған. Бұл қомақты қаражатқа онда әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғызылып, жолдар төселеді.
Ержан Жылқыбаев ел Президентінің тапсырмасымен Қордай ауданында алғаш рет "Бейбітшілік пен келісім" пилоттық жобасы жүзеге асырылғанын да мәлімдеді. Оның тұжырымдамасына сәйкес 5 топ бекітіліп, 432 іс-шара ұйымдастырылып, 13 089 адам қамтылған екен.
Жергілікті әкімдік өкілі құрылыс жұмыстарына, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, мемлекеттік тіл туралы заңның орындалуына, көктемгі дала шаруаларына қатысты да айтты. Қордайлық дихандар биыл көршілес Шу ауданына, Қарағанды, Алматы облыстарына егін салуға барған. Былтыр олар 1,5 мың гектарға дән сепсе, биыл 5,5 мың гектардағы егістік алқабын игермек.
Жыл соңына дейін жоғары оқу орындарындағы тіл мамандарын шақыртып, 1,5 мың азаматқа қазақ тілін оқыту да жоспарда бар көрінеді.
Жамбыл облысында өзге этнос өкілдері қоныстанған алты аудан бар. Біз ол елді мекендерде қоғамдық келісім кеңестерін құрдық. Олар сол аймақтағы түйінді проблемаларды жергілікті билік өкілдерімен келісе отырып, жүйелі түрде шешетін болады. Бір қуанарлығы, қазақ сыныптарына балаларын бергісі келетін отбасылардың саны артуда. Сондықтан мектептерде қазақ тілді сыныптардың санын да арттыру үстіндеміз, - деді Ержан Жұматұлы.