Ордабасыда жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданы Төрткөл ауылдық округінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған заманауи спорт кешенінің жұмысымен танысты.

Бұл нысан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген.

Ауыл тұрғындары мен жастарын бұқаралық спортқа баулитын дене шынықтыру және сауықтыру кешенін аралап көрген өңір басшысы спорттың маңызды сала екенін жеткізіп, ауыл тұрғындары үшін спортпен айналысуға жағдай жасау жалғасатынын айтты. 

Сонымен бірге Өмірзақ Естайұлы осы кешенде жаттығып жүрген жергілікті жас спортшы, бокстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Аралбек Қосымбайдың бокс қолғабына қолтаңбасын қойып, спорттағы қадамына сәттілік тіледі.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер «Қаратау ЛТД» ЖШС жүргізген. Мамыр айында басталған жұмыс Тәуелсіздік мерекесіне орай аяқталып, елдің игілігіне беріліп отыр. Қазіргі таңда 2,3 гектар аумаққа орналасқан спорт кешенінің сыртында воркаутпен айналысуға арналған алаң, футбол, шағын футбол, баскетбол және волейболға арналған алаңдар бар. 

Сондай-ақ спорт кешенінде еркін күрес, грек-рим күресі, самбо, дзюдо, бокс бойынша күнделікті жаттығулар өткізілетін залмен қатар қол добы, үстел теннисі, баскетбол, волейбол сынды командалық ойындармен айналысуға жағдай қарастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы