7 Қараша 2026, 20:53 Фото: instagram.com/fc_ordabasy

«Ордабасы» «Қайсарды» ойсырата жеңіп, маусымның «алтын дублін» жасады

Шымкенттік клуб финалда «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңіп, Қазақстан Кубогын иеленді.

7 қарашада Қазақстандағы футбол маусымы ел Кубогының финалдық матчымен ресми түрде аяқталды. Шымкенттің «Ордабасы» клубы Қызылорданың «Қайсарын» 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, ел Кубогын иеленді. 

Қазақстан Кубогының финалдық кездесуі «Түркістан Арена» стадионында өтті. Стадион Түркістан облысының аумағында орналасқандықтан, «Ордабасы» футболшылары өздерін алаң иелеріндей сезінді. Шымкенттік команда бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қарсыластар қақпасына төрт гол соқты.

«Қайсардың» қақпасына алғашқы голды жетінші минутта Елхан Астанов соқты. Ал үзіліс алдында ҚПЛ-2026 маусымының үздік сұрмергені Берн Йонсен «Ордабасының» басымдығын еселей түсті.

Екінші таймда Давид Сандан Абағна шымкенттік клубтың үшінші голын соқты. Ал 71-минутта Елхан Астанов дубль жасап, есепті 4:0-ге жеткізді.