«Ордабасы» Чехияда тең түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Чехияда «Млада-Болеслав» клубымен кездескен Шымкенттің «Ордабасы» командасы 1:1 есебімен тең түсті.
Матчтағы есепті күтпеген жерден 21-минутта «Ордабасының» жартылай қорғаушысы Мирзад Механович ашты. Ол 25 метрдей жерден айып соққысын сәтті орындады. Дегенмен, үзіліске дейін Чехия командасының ресейлік сұрмергені Николай Компиченко таразы басын теңестіріп кетті. Осы есеп матч соңына дейін сақталып қалды.
«Қиын ойын болды. Әрине, өзіміз де соларын білдік. Соған қарамастан есепті бірінші болып аштық. Матч сәтті басталды. Бірақ одан кейін жағдай қиындай түсті. Өйткені, біз допты көп жоғалттық, осыдан мəселелер туындады. Алайда, бір қуантатыны, футболшылар өздерін жақсы жақтарынан көрсетті. Енді, Шымкенттегі ойын мүлдем басқаша өрбиді. Біз пас беру кезінде абайлап ойнайтын боламыз жəне гол соғу үшін көбірек шабуылдар жасауға тырысамыз. Менің ойымша, бүгін бізде жақсы мүмкіндік болды. Ең бастысы гол соқтық», - дейді «Ордабасы» командасының бас бапкері.
«Млада-Болеслав» (Млада-Болеслав, Чехия) – «Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан) – 1:1.
Голдар: Механович, 21 (0:1). Комличенко, 45+1 (1:1).
«Млада-Болеслав»: Шеда, Матейовски, Ладра, Мешанович (Вагнер, 62), Комличенко, Губинек, Фулнек (Буха, 75), Токач, Марко Тулио, Кржапка (Будински, 62), Пудил.
«Ордабасы»: Непогодов, Малангу, Ерланов, Механович (Ковальчук, 72), Быстров, Диакате, Малый, Досмағамбетов, Фонтанельо, Жоао Пауло (Щеткин, 46), Бадибанга.
Бас төреші: Сергей Цинкевич (Беларусь).
Млада-Болеслав, «Метски» стадионы.