Бүгiн 2026, 07:10 Фото: Виктор Орбан және Питер Мадьяр / Anadolu Ajansı

Орбан Венгриядағы сайлауда жеңілгенін мойындады

Венгриялық барлық БАҚ-тың есептеулері "Тиса" партиясының конституциялық басымдыққа ие болатынын көрсетеді.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан ел парламентіне өткен сайлауда жеңілгенін мойындады. Ол бұл туралы жексенбі кешінде Будапеште жақтастарының митингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Европейская правда-ға сілтеме жасап.

Орбан бұл мәлімдемені Ұлттық сайлау комиссиясының алғашқы деректері сайлауда проеуропалық консервативтік оппозициялық "Тиса" партиясының айқын басымдығын көрсеткеннен кейін жасады.

Сайлау нәтижелері әлі түпкілікті емес, бірақ бәрі түсінікті әрі айқын. Нәтиже біз үшін ауыр және анық: бізге елді әрі қарай басқаруға мүмкіндік берілмеді. Мен жеңіске жеткен партияны құттықтадым, – деді премьер-министр.

Өз кезегінде "Тиса" партиясының көшбасшысы Петер Мадьяр Дунай жағалауында өткен митингте Орбан үкіметі дереу отставкаға кетуі тиіс екенін мәлімдеді.

Мен үкіметті отставкаға шақырамын. Бізге өтпелі үкімет қажет, – деді Мадьяр. – Үкіметке үндеу жасаймын: өз орындарыңызды босатыңыздар, – деді ол тағы да қайталап.

Мадьяр жақтастарының алдына оның партиясы дауыстардың үштен екісін алатыны алдын ала есеп нәтижесінде белгілі болғаннан кейін шықты. Дауыстар саналған сайын бұл айырмашылық арта түскен.

Бұл саясаткерге тек жеңісін жариялап қана қоймай, өз жақтастарына партиясы Венгрияны "қайта жүктей алатынына" сенім беруге мүмкіндік берді.

"Тиса" да, Венгрия да бұл сайлауда жеңіске жетті. Үлкен, орасан басымдықпен. Біз парламентте үштен екі орынды иеленеміз, бұл бізге жеңіл әрі бейбіт трансформация жүргізуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Егер қандай да бір шешім қабылдағыңыз келсе – менің нөмірімді білесіздер, хабарласып, кеңесіңіздер, – деп Мадьяр үкімет шенеуніктерін жаңа билікпен әрекеттерін үйлестіруге шақырды.

Дауыстардың 90 пайызы саналған мәлімет бойынша, Венгрия парламентіне үш партия өтуде: "Тиса", биліктегі "Фидес" партиясы және ультраоңшыл, ресейшіл "Ми Хазанк" ("Біздің Отан").

Венгриялық барлық БАҚ-тың есептеулері "Тиса" партиясының конституциялық басымдыққа ие болатынын көрсетеді. Атап айтқанда, Atlatszo басылымының болжамынша, қазіргі деректер бойынша "Тиса" 138 мандат, "Фидес" – 54 депутат, ал "Ми Хазанк" – 7 орын алады.

Венгрия парламентінде конституциялық басымдыққа ие болу үшін 133 дауыс жеткілікті.