Орбан Еуроодақты Ресейге бағытталған саясаты үшін сынға алды
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Еуропалық одақтың Ресейге қатысты саясатын қатаң сынға алды. Бұл туралы ол Венгрияның тұрақты конференциясы — Máért пленарлық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ About Hungary басылымына сілтеме жасап.
ЕО азаматтары соғысқа физикалық тұрғыда қатыспайды, бірақ Одақтың өзі соғыс жағдайында жүргендей әрекет етеді, - деді Орбан.
Венгрия басшысы еуропалық көшбасшылардың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа өздерінің ішкі мәселесіндей қарайтынын, ал шын мәнінде бұл Еуропалық одаққа тікелей қауіп төндірмейтінін айтты.
Орбанның пікірінше, қазіргі таңда Еуропаның соғысқа тартылу қаупі соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге жеткен.
Бұл қауіп не әдейі, не байқамай жасалып отыр, бірақ соғыстың басталғанынан бері мұндай шиеленіс болған емес, - деді ол.
Венгрия премьері ЕО басшыларын қақтығысты бейбіт жолмен шешуге кедергі келтіріп отыр деп айыптады. Оның сөзінше, егер Еуроодақ араласпаса, АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер атысты тоқтатуға әкелер еді.
Будапешт үнемі Украинаға қару-жарақ жеткізуді қолдамайтынын айтып келеді және Ресейге қарсы санкциялардың еуропалық экономикаға зиян тигізіп отырғанын бірнеше рет ескерткен.