Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!..
Иісі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Рамазан айындағы ең үлкен сауапты істің бірі – Рамазан оразасын ұстау, яғни ауыз бекіту.
Бүгін еліміздің барлық мешітінде тарауиқ намазы оқылды. Санаулы сағаттан соң ауыз бекітуге ниет еткен мұсылман баласы таң сәресін ішеді. Ораза ұстауға ниет қылған барша мұсылманның дұға-тілегі қабыл болсын деен тілекпен ораза ұстаудың жалпы қағидалары жөнінде мағлұмат бере кеткенді жөн көрдік. Осы орайда Жамбыл облысы, орталық “Һибатулла Тарази” мешітінің ұстазы Есет Тұрдыбайұлын әңгімеге тарттық.
– Жалпы Рамазан оразасы – мұсылманның бес парызының бірі. Ораза ұстаудың негізгі тәртібін айтып беріңізші? Қандай адамдарға ораза ұстау парыз емес?
– Ораза – парсы тілінен енген, араб тілінде "соум" бір нәрседен алшақтау, адамның өз өзін ұстауы дегенді білдіреді. Ал, оразаның шариғаттағы мағынасы - екінші шапақтан бастап, күннің батуына дейін Алла Тағаланың разылығы үшін тамақ ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан ұзақ тұру.
Ораза да намаз секілді Адам атадан соңғы пайғамбар Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дейін барлық үмбеттерге парыз етілген құлшылық болып табылады. Ораза ұстау мұсылман, балиғатқа толған, ақыл-есі бүтін адамға парыз болса, оразаның парыздығы жолаушы, жүктілік пен бала емізу, ауру сырқау, кәрілік, қатты ашығу мен шөлдеу, хайз бен нифас, жанына қауіп төну, ауыр жұмыста істеу сияқты жағдайларда мұсылманның мойнынан түседі.
– Рамазан айы – мейірімделік пен ізгілік амалдары жасалатын ай. Осы қасиетті айда қандай амалдар жасаған дұрыс?
– Оразаның мәні тек қана аш қалу емес, көз, құлақ, жүрек, тіпті ой-қиялдарының өзіне ораза ұстатып, жамандықтардан тыю. Осындай дәрежеде ораза ұстаған жан әрдайым тура жолда болмақ. Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Араларыңда ораза ұстағандарың басқаларға жаман сөз айтпасын, бақырып-шақырмасын. Егер басқа біреу оған тіл ұзатып, ерегіссе, «Аузым берік" десін". «Кімде-кім аузы берік кезінде өтірік айтып, жаман нәрселерден бас тартпаса, біліп қойсын, Аллаһ тағала оның тек қана ішіп-жеуін доғаруына мұқтаж емес» дейді.
Демек, аузы берік адам тек ішім жемнен ғана емес, бүкіл денесін харамнан, жағымсыз әдеттерден сақтағаны жөн. Сонымен қатар, Қасиетті Құран кітап осы рамазан айында түскендіктен Құранды оқуды көбейтіп, пайғамбарымызға (.с.а.с) салауат айтып, садақа беріп, бауырларына көмектесіп, Аллаға мадақ айтып, дүға тілеп, парыз намазбен қоса нәпіл намаздарын да орындап, өзінің жаман әдеттерімен күресіп өткізген ораза ең жақсы ораза болмақ. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: "Рамазан айына жете тұрып, Аллаһ тағаланың рақымы мен кешірімінен мақұрым қалған адамның жағдайы қандай өкінішті» деп, мұсылмандарды рақым нұры төгілген бұл айдың берекетінен мақұрым қалмауға шақырған.
– Ауыз бекіткен жанның оразасын бұзатын жағдайларды атап өтіңізші?
– Оразаны бұзатын жағдайлар:
Әдейі ішіп жеу,
Темекі шегу
Дәрі ішу
Құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау
Ауыздағы қар тамшылары әдейі жұту
Қоректік заттарды әдейі жеу оразаны бұзады.
Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. (Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе, алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады).
– Алғаш рет ораза ұстайтын жандар ең алдымен білуі тиіс ережелер?
– Алғаш рет ораза ұстайтын жандар ең алдымен ораза ұстаудың дұрыс болуының шарттарын білуі керек. Ол ең алдымен ниеттен басталады.Ниет – басқа құлшылықтардағы секілді ораза ұстауда да шарт. Рамазан оразасы әрі басқа да оразалар ғибадат болғандықтан ниет ету қажет. Ғибадат Алла тағаланың бұйрығымен тек қана Оның разылығы үшін, құлдың өз қалауымен жасалады. Өз қалауы мен ынта-ықыласы ниетсіз іске аспайды. Сондықтан құлшылық пен жай әдетті бір-бірінен ажырата алу үшін, оразаны ниетсіз өтеу дұрыс емес.Кез келген оразаға жүрекпен ниет ету шарт. Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Ал оны тілмен айту – мұстахап.Ханафи мәзһабында рамазан
оразасы, нәпіл оразалар һәм уақыты белгіленген нәзір оразалардың ниет ету уақыты күн батқаннан ертеңгі күннің бесін намазы кіруге аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Онымен қоса сәресіге тұру да ниетке саналады.
Сәресіні барынша жібермеуге тырысуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресіде береке бар» деген.
Сонымен қатар ораза ұстаушы оразаны бұзатын, бұзбайтын, ұнамды, ұнамсыз амалдарды білуі керек, шамасы келгенше өзін құлшылыққа арнағаны нұр үстіне нұр.
– Танымдық сұхбатыңызға рахмет. Ораза қабыл болсын!