Оразалин: Халықтың әл-ауқатын жақсарту жұмыстарын күшейтуіміз керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Қоғамдық кеңес алдында есеп берді. Өңір басшысы облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелеріне қысқаша тоқталып, оларды шешуге шоғырландырылған күш-жігерді қажет ететін ең өзекті мәселелерге тоқталды, сондай-ақ биылға арналған міндеттерді баяндады.

Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдік экономикаға кері әсерін тигізбей қоймады. Біз экономиканың күрт төмендеуіне жол бермейтін және әрі қарай қалпына келтіретін шаралар қабылдадық. Жағдай тұрақтандырылды: негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Атап айтқанда,​ өнеркәсіптік кәсіпорын 1,8 трлн. теңгенің өнімін өндіріп, 646,8 млрд теңге инвестиция тартылды, - деп атап өтті облыс әкімі.
Оңдасын Оразалиннің айтуынша, ауыл шаруашылығы 6,7% деңгейде өскен, өндірілген өнім көлемі 324,7 млрд теңге.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен шаруаларды қолдау аясында субсидияның бірнеше түріне 20,4 млрд теңге бөлінді, 47,8 млрд теңге жеңілдетілген несиелер берілді. Шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 61,8 мың бірлікке жетті, 782,5 млрд теңгеге өнім шығарылды. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 3,1 млрд теңге бөлініп, 600 ШОБ субъектісі мемлекеттік қолдау алды, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 4,7 млрд теңгеге 953 жоба қолдау тапты, – дейді ол. ​ ​

Оңдасын Оразалин пандемияның денсаулық сақтау жүйесі үшін күшті сынақ болғанын баса айтты. Инфекциямен күресуге және эпиджағдайдың тұрақтылығы үшін шамамен 5 млрд теңге, соның ішінде медициналық техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алуға 3,4 млрд теңге, дәрілік заттарды сатып алуға, жеке қорғаныс заттары мен өкпені жасанды желдететін аппараттарды сатып алуға 1,3 млрд теңге бөлінді.

Автокөлік жолдарының сапасына қатысты проблема өңір үшін өзекті болып қала береді: былтыр 33,2 млрд теңгеге 606,6 шақырым жол салынып, жөнделді. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 61% дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Биыл жол сапасын жақсарту және көлік жүйесін дамыту мақсатында «Ақтөбе – Қандыағаш» жолын қалпына келтіру бойынша маңызды жобаны жүзеге асыру басталды, облыстық және аудандық маңызы бар 330 шақырым жол жөнделді, «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы» және «Ақтөбе – Орск» автокөлік жолдарын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Өткен жылы халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 12 жоба жүзеге асырылды, 13 ауылдың тұрғындары газға қол жеткізді.

Біз жұмыссыздықтың өсуіне жол бермей, оның деңгейін 4,8%-да ұстай алдық. Өйткені орташа республикалық деңгей 5%. 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру арқылы да оң нәтижеге қол жетті, олардың 60%-ы тұрақты. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында да жүргізілуде. 2021 жылы кемінде 23 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, 50 мыңнан астам «Еңбек» бағдарламасымен қамтылатын болады. Біздің басты міндетіміз - халықтың тұрмыс сапасын көтеру және әл-ауқатын жақсарту, - деп қосты облыс әкімі.
Қоғамдық кеңес мүшелері өңір басшысының жұмысына оң баға берді, халықтың әл-ауқатын​ жақсартуға бағытталған бастамаларға қолдау білдіріп, түрлі салаларды дамыту бойынша бірқатар ұсыныс айтты.

Облыс әкімі қойылған сұрақтардың барлығына түбегейлі жауап беріп, орынбасарлары мен бейінді құрылымдардың басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы