Оразалин Ақтөбе-Қандыағаш тас жолына күрделі жөндеу жүргізетін мердігерлермен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мұғалжар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Ақкемір ауылдық округінде өңір басшысы Ақтөбе - Қандыағаш тас жолына күрделі жөндеу жүргізетін мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті.

Сондай-ақ Қандыағаш қаласында өңір басшысы А.Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінің жұмысымен танысты. Мектеп 2019 жылдан бері жұмыс жасайды, 300 бала қобыз, домбыра, аккардеон, баян және т.б. музыкалық аспаптарда ойнауды үйренуде.

Мұнда аудан әкімі Асқар Шериязданов облыс әкімін 2021 жылға арналған жоспарлармен таныстырды.

Атап айтқанда, аудан аумағында елді мекендерді газдандырудың төрт жобасы жүзеге асырылмақ. Құны 1 млрд теңге. Жұрын және Елек ауылдарына да көгілдір отын келеді.

Былтыр Елек ауылында мектеп салынып, орталық су жүйесімен қамтылған болатын. Газ қондырылатын ауылдардың дені Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының бойында орналасқан, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалуы керек,- деді Оңдасын Оразалин.

Сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде алты ауылда аудан тұрғындарының 96,5%-ы ауыз сумен қамтылады. Әлеуметтік нысандар салу шаралары да жүзеге асырылып жатыр. Аудан орталығы мен Ембі қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында екі үлкен мектептің құрылысы жоспарланған, ангар түріндегі спорт кешені салынуда.

Оңдасын Оразалинге аудан орталығында жуырда ашылған «MEDLIFE+» медициналық гемодиализ орталығы таныстырылды. Мұнда бүйрегі мен несеп шығару жолдары, сонымен қатар вирус гепотитімен ауыратын адамдарға көмек көрсетіледі.

Қазіргі таңда Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарының 35 тұрғыны үнемі гемодиализге мұқтаж. Орталықта бес диализ аппараты бар. Қабылдауды кардиолог,нефролог, невролог және т.б. бейінді мамандар жүргізеді.

Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшылығына жақын жатқан аудандардың халқы өмірлік маңызы бар ем-домдарды алу мүмкіндігіне ие болу үшін осындай орталықтарды басқа аудандарда да ашу мәселесін қарастыруды тапсырды.

Облыс әкімі жұмыс бағдарламасының соңында орталық аурухананың терапиялық, балалар бөлімдеріне соқты. Өткен жылы бұл бөлімдерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 85 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.

Өңір басшысы орталық аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын қарап шықты. Былтыр рентгенологиялық жабдық сатып алынып, сонымен қатар, ерте сатыдағы онкологиялық ауруларды анықтай алатын компьютерлік томограф іске қосылды. Бұл жабдықпен Мұғалжар, Алға, Темір және Байғанин ауданының тұрғындары тексеріліп жүр.

Осы жылы емхананы күрделі жөндеу жоспарланған.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Оңдасын Оразалин аудан басшылығына халық өмірінің сапасына, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, барлық нысандардың құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауға қатысты сұрақтарды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы