Оразада жиі қойылатын сұрақтар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертең мұсылман жұрты ұлық санайтын қасиетті Рамазан айының алғашқы күні. Елімізде Рамазан айының оразасын ұстаушылар саны жылдан жылға артып келеді. Оразаны жаңадан бастап жүрген жандар үшін "Нені ескеру керек? Неге мән беру керек?" деген сауалдар жиі қойылып жатады. Осы орайда философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Жалғас Садуахасұлынан оразада ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруін сұраған едік.

 – Жалғас Садуахасұлы, Рамазан айының оразасын ұстау парыз. Ал оразаның қандай парыздары бар?

– Рамазан айының оразасын ұстаушы адам біріншіден, иман келтірген мұсылман болуы шарт. Екіншіден, балиғат жасына толған болуы маңызды. Шариғат бойынша қыз бала 9 жастан, ер бала 12 жастан бастап балиғат жасына толған болып есептеледі. Үшіншіден, Рамазан айының оразасын ұстауға ниет ету керек. Мінеки, оразаның негізгі шарттары осындай. Ал өзі мұсылман, балиғат жасына толған, бірақ күні бойы аш жүру денсаулығына зиян келтіретіндей жағдай болса, ол кісілер оразадан босатылған. Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға пітір беру – уәжіп. Бұлар ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы келмейтін қарттар.

– Оразаның мұстахап, яғни дұрыс амалдары қандай?

– Оразаның мұстахап амалының бірі, сәресіде тұрып, бір жұтым су да болса ішу. Бұған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): "Сәресін ішіңіздер, өйткені сәресіде береке бар", – деген хадисі дәлел болмақ (Әнас ибн Маликтен имам Бухари және имам Муслим риуаят қылған).

– Оразада не мәкруһ?

– Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау – мәкруһ. Бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақ дәмін білу үшін, оның дәмін көріп, түкіріп тастауға рұқсат. Тамақ дәмін татқан уақытта тамаққа кетіп қалмауы шарт.

– Ораза қандай жағдайда бұзылады?

– Қателесіп, бір нәрсені ішіп-жеу оразаны бұзады. Егер бір адам ораза екенін біле тұрып, қателесіп бір нәрсені ішіп-жесе, ораза бұзылады. Мысалы, дәрет алу үстінде байқаусызда тамағына су кетіп қалса, қарды ауызына салып, ол да тамағынан өтсе – ораза бұзылады. Мұның тек қазасы өтеледі.

– Ал қандай жағдайда ораза бұзылмайды?

– Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу.

Пайғамбар (с.ғ.с): "Аузы берік адам ұмытып ішіп-жеп қойса, оразасын бұзбай толықтырсын. Себебі оған жегізген де, ішкізген де Алла Тағаланың Өзі", – деп хабар берген (Мүслим). Ұмытқан адам өзінің ораза екені есіне түскен сәтте дереу тоқтауы қажет.

– Ораза кәффараты деген не?

Кәффарат деп – Рамазан айында үзірсіз, өз еркімен оразасын бұзған мұсылманның төлейтін жазасын айтады.

– Ғұсылсыз ораза ұстауға болады ма?

– Егер сәресіге дейін ғұсыл алып үлгермесе, ораза ұстай беруге болады. Бірақ мүмкіндігінше ғұсыл алғаны абзал.

– Намаз оқымайтын кісінің оразасы қабыл болады ма?

– Намаз бөлек құлшылық, ораза бөлек құлшылық. Сондықтан намаз оқымайтын кісі де ораза ұстауына болады. Алайда екі құлшылықты қатар алып жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Рамазан Алланың мейірім айы. Осы айда ораза ұстаған талай кісі кейіннен намазын оқып, құлшылығын түзеді. Алланың мейірімімен, Алланың қалауымен жаман әдеттерден тыйылып, жақсы қасиеттерді әдетке айналдыруға болады. Ал кімнің құлшылығы қабыл болатынын білуші Алла. Біз тек сол құлшылығымыздың қабыл болуын Құдайдан тілеп, шынайы ниет етуіміз керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы