Оразада қалай дұрыс тамақтану керек: Дәрігерден кеңес
Ертең, 19 ақпанда қасиетті Рамазан айы басталады.
Ораза айы басталғанда көптеген жан тамақтану режимінің өзгеруіне байланысты денсаулығына алаңдайды. Ораза кезінде ағзаны қалай қолдау керек? Сәресі мен ауызашарда неге басымдық берген жөн? Суық мезгілде ағзадағы жылуды қалай сақтаймыз? Осы және өзге де сұрақтарға Астана медицина университеті Академик Е. Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері, дәрігер-диетолог Жанна Нұрберген жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Оразаның алғашқы күндері кофе мен шайға тәуелді адамдарда бас ауруын қалай болдырмауға болады?
- Жалпы, көп адам ораза ұғымын дұрыс түсінбейді. Бұл – жаман әдеттерден арылумен қатар, ағзаны токсиндер мен шлактардан тазартып, ішектерді ретке келтіретін үлкен мүмкіндік. Мен пациенттеріме оразаға алдын ала дайындалуды ұсынамын. Міндетті түрде өт айдайтын препараттар ішу керек, ағзада іш қату мен іркіліс болмауы тиіс. Әйтпесе ораза кері әсерін тигізуі мүмкін. Шай мен кофенің мөлшерін ауыз бекітуге 1-2 апта қалғанда біртіндеп азайтқан абзал. Мәселен, күніне 5-6 рет ішсеңіз, оны 2-3 ретке, кейін бір мәртеге дейін түсіру керек. Кейде ол тәуелділік психологиялық болуы мүмкін. Сондықтан миды осы әдеттен арылуға бейімдеген жөн.
- Созылмалы асқазан-ішек аурулары бар жандар ораза ұстағанда денсаулығын қалай күтуі керек?
- Мұндай дерті бар адамдар ораза ұстамас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесуі қажет. Ойықжара, гастрит секілді аурулары барларға аштық кері әсерін тигізуі мүмкін, себебі олардың арнайы диетасы мен дәрі қабылдау кестесі болады. Егер рұқсат болса, ауыз бекіткенде майлы, қуырылған, ащы тағамдарды жеуге және шамадан тыс көп тамақтануға болмайды. Егер медициналық қарсы көрсеткіштер болса, ораза ұстамаған абзал.
- Егер адам дәрумендер ішіп жүрсе, оларды қай уақытта қабылдағаны тиімді?
- Майда еритін дәрумендерді (D, Omega-3, A, E, K) міндетті түрде ауыз ашқанда тамақпен бірге қабылдау керек. Ал минералдарды сәресіде, ауыз бекітер алдында ішкен дұрыс. Ораза кезінде витамин қабылдау өте маңызды, әсіресе D3 витаминін балалар да, ересектер де үзбеуі тиіс.
- Сәресінде тоқтық сезімін ұзақ сақтау үшін не жеген дұрыс: ақуыз ба, әлде ботқа ма?
- Сәресіде міндетті түрде ақуызға бай ет, жұмыртқа, бұршақ тұқымдастар мен теңіз өнімдеріне басымдық берген жөн. Себебі ақуыз ұзақ уақыт бойы тоқтық сезімін береді. Ал ботқалар – қарапайым көмірсулар, олар тез қорытылып кетеді.
- Неліктен сәресіде тәтті мен ақ нан жемеген жөн?
- Тәтті мен ақ нан – тез сіңетін қарапайым көмірсулар. Олар ағзаға аз уақыттық қана энергия бөледі де, адам тез ашығады. Сәресіде күрделі көмірсуларды қабылдау керек, олар баяу еритіндіктен, әсері де ұзақ болады. Сол үшін сұлы, қарақұмық, асбұршақ, брокколи сияқты өнімдерді тұтыну қажет.
- Сәресін ішкен бойда ұйықтаудың ағзаға зияны бар ма?
- Спортпен айналысатын, қимылы көп адамдар үшін бұл аса қауіпті емес. Ал физикалық жүктемесі аз жандар үшін толық асқазанмен ұйықтау өт жолдары мен асқазанға зиян. Сондықтан күнделікті көбірек қимылдап, жаяу жүрген дұрыс.
- Суық мезгілде ағза жылуын қалай сақтаймыз?
- Ол үшін күрделі көмірсу, сапалы ақуыздар мен майларды көптеп тұтыну керек. Қыста ораза ұстағанда қой етін көбірек жеуге кеңес беремін. Ол басқа еттерге қарағанда ұзақ қорытылады және ағзада жылуды сақтап тұруға көмектеседі.
- Ауызашар мен сәресі арасындағы су балансын қалай реттейміз?
- Ауыз ашқаннан келесі сәресіге дейінгі уақытты пайдаланып, салмағыңызға қарай күніне 1,5-2 литр су ішіп үлгеруіңіз керек. Күні бойы ағза өзін-өзі тазалау (тотықсыздану) процесін жүргізеді, ішекте токсиндер мен шлактар жиналады. Жылы су (мүмкін болса лимон қосылған) сол токсиндерді шайып, өт жүйесін тазалауға көмектеседі. Ал құрма – ең зиянсыз тәтті әрі глюкозаға бай. Ол бірден тоқтық сезімін ұялатады, бірақ оны да шектен тыс жеуге болмайды, күніне 2 дана жетеді.
- Асқазанға салмақ түсірмеу үшін ауызашардағы тағамдардың ішілу реті қалай болғаны дұрыс?
- Әуелі су мен құрмамен ауыз ашып, 15 минут күте тұру керек. Содан кейін негізгі астың алдында жас көкөністерден жасалған салат немесе ашытылған қырыққабат жеген өте пайдалы. Осыдан кейін ғана ыстық тамаққа көшуге болады.
- Күні бойы демалған асқазанға бірден майлы немесе қуырылған ас берудің зардабы қандай?
- Бұл тамақтың қандай майға қуырылғанына байланысты. Өсімдік майлары термотұрақсыз, сондықтан оған тамақ қуыруға болмайды, оны тек дайын асқа не салатқа қосу керек. Ал тамақты малдың майына, гхи майына немесе сары майға қуырған дұрыс.
- Неліктен кейбір адамдар ораза кезінде ашықса да, салмақ қосып алады?
- Бұл дұрыс тамақтанбаудан болады. Егер ағза тек көмірсу, глюкоза және майдан тұратын тамақты қабылдаса, салмақ жинайды. Сондықтан баланс сақтау маңызды. Сондай-ақ гормондық жүйесі бұзылған адамдарда да салмақ қосу қаупі бар, ондай жағдайда ораза ұстауға қарсы көрсеткіштер болуы мүмкін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Жанерке ЖӘКЕН