Ораз Жандосов министрдің кеңесшісі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жандосов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы ведомство басшысы Facebook парақшасында мәлім етті.

Қазіргі заманда цифрландыру барлық саланы қамтыған. Әр саланы саралап, бұл бағыт бойынша қанша дерек цифрлық нұсқада жинақталатынын және қаншасын жүйелеу қажеттігін айқындау керек. Бұл data driven government-ке көшу жолындағы негізгі талап.

Мысалы, геологиядағы ақпараттың цифрлық нұсқасын алайық. Тонналаған қағаздар сканерленді, бірақ ондағы мағлұматтарды түсіну қиын, сондықтан осы геологиялық деректерді «сөрелер» бойынша реттейтін тиісті база қажет. Мұндай жұмыс әр сала бойынша атқарылып, жіктеліп, өзекті деректер ұсынатын дұрыс процестер құрылуы керек! Бұл тұрғыда біздің министрлік түрлі экономикалық саладағы қоғам белсенділерімен тығыз жұмыс істеуге тиіс, - деп жазды министр.

Бағдат Мусин кейде маңызды шешім қабылдау үшін тәжірибелі кісілердің кеңесі қажет болып жататынын айтып, кез келген сәтте консультация беретін аса тәжірибелі, арқа сүйейтін кісілердің бірі Ораз Әлиұлы Жандосов екенін айтты.

Онымен Қазпоштада жұмыс істегенде танысқан болатынмын, ол кезде тәуелсіз директор болатын және директорлар кеңесінің төрайымы Елена Леонидовна Бахмутовамен бірге маған тәжірибелік тұрғыда көп қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар жасаған еді. Сонда құрылған корпоративтік басқарудың сауатты жүйесін осында, яғни ЦДИАӨМ-де енгізгім келеді. Сондықтан мен экономика саласының майталманы Ораз Жандосовқа штаттан тыс кеңесші болуға ұсыныс жасадым. Менің ұсынысымды қабыл алғаныңыз үшін алғыс айтамын!, - деп түсіндірді министр.

Ораз Жандосов әр жылдары премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық банк төрағасы, Қаржы министрі, KEGOC басшысы лауазымдарын атқарған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы