Орақ науқаны: Министр шаруашылықтағы егін түсімділігін бағалады
Күздік бидайдың орташа түсімділігі гектарына 35 центнерді, жаздық бидай – 25 центнерді, арпа – 28 центнерді, ал жасымық 21 центнерді құрап отыр.
Құрылтай сайлауы күні Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорнына барып, егін жинау науқанының барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында министр өсімдік шаруашылығына маманданған «СЕРВИС ЖАРС» серіктестігінде болды. Шаруашылықтың жалпы егіс алқабы 9 мың гектардан асады. Мұнда негізінен бидай, сондай-ақ арпа мен жасымық өсіріледі.
Қазіргі уақытта шаруашылықта орақ науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Күздік бидайдың орташа түсімділігі гектарына 35 центнерді, жаздық бидай – 25 центнерді, арпа – 28 центнерді, ал жасымық 21 центнерді құрап отыр.
Серіктестік базасында Айдарбек Сапаров егін жинауға қатысып жатқан бірнеше шаруашылықтың комбайншыларымен кездесті. Министр орақ науқаны аграршылардан жеделдік пен үйлесімді жұмысты талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ механизаторлардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне тоқталып, жұмысшылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын жасаудың маңызын айтты.
«Орақ науқаны – аграршылар үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Оған қатысушылардың барлығының үйлесімді жұмысы нақты бір шаруашылықтың нәтижесіне ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге саланың қосатын жалпы үлесіне де әсер етеді. Сондықтан техниканы барынша тиімді пайдалану, агротехникалық мерзімдерді қатаң сақтау және жұмысшыларға қажетті жағдай жасау маңызды», – деді Айдарбек Сапаров.
Кездесу соңында министр комбайншылар мен шаруашылық қызметкерлеріне еңбегі үшін алғыс айтып, орақ науқанын табысты аяқтап, мол өнім жинауға тілектестік білдірді.