Оралханның мұражай-үйі жөнделетін болды
Жазушы Оралхан Бөкейдің Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданындағы мұражай-үйі жөнделіп, жұртшылық үшін қайтадан ашылатын болды деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Биыл Шығыстан шыққан жазушы Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толып отыр. Қаламгер мерейтойының қалай тойланатыны туралы сұрақ жыл басында көтерілген болатын. Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан жазушының тойын жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отырғанын айтқан еді. Ендігі кезекте дайындық біртіндеп басталып кеткен сынды.
Біз өткен жылдың соңында аудан әкімінен Оралхан Бөкейдің мұражай-үйінің жабық тұрғанын айтып, мемлекет қарауына алу мүмкіндігі бар-жоғын сұраған едік. Оған дейін белгілі болғандай Оралхан Бөкейдің қарындасы Ғалия Бөкейқызы мұражай-үй төңірегіндегі мәселе жайын айтып, сұхбат та берген болатын. «Ол мәселенің барлығынан құлағдармын» деген аудан әкімі алдағы уақытта мәселені шешуге уәде еткен еді. Енді, міне, аудан әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мұражай-үйдің кілтін алып, жөндеу жұмыстарын бастағалы жатқанын жазыпты.
Көпшіліктің тілеуімен он жыл дегенде Оралханның Шыңғыстай ауылындағы үйіне жөндеу жүргізу жұмыстары қолға алынады. Үйдің кілтін алдық. Ендігі кезекте жөндеу жұмыстары басталады. Ауыл ақсақалдарымен, Оралханның жолдастарымен осы үйдің жағдайын көріп, алдағы уақытқа жоспарлар жасап қайттық, – деп жазды аудан әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол жазушы үйінің есігін ақсақалдың батасымен ашып, халықпен бірге ішін тамашалап шыққан. Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта мұражайды жөндеуге арналған сметалық құжат дайындалып, жөндеу жұмыстары басталмақ. Осылайша халық қаламгердің мұражай-үйін тамашалауға қол жеткізбек.
Ал былтыр Катонқарағай ауданына келген туристер қазақтың маңдайалды жазушысының мұражай-үйі жабық тұрғанын айтып, назын білдірген болатын. Енді биыл өткен жылғы өкпе-наздың орны толып, демала келген жұрт жазушының мұрасымен танысып, мұражайын аралап қайтпақ.