Оралдық жас режиссердің фильмі халықаралық кинофестивальдерге қатысады
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» қысқаметражды фильмі режиссер Айбек Нығмет үшін дебют болды. Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша және «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік драма жанрындағы қысқаметражды фильм туыс адамдарыңыздың арасындағы нәзік иірімдерді қозғап, қазіргі заманғы отбасылардағы балаға әсіре қамқорлық көрсету туралы баяндайды. Фильмнің басты кейіпкері көп жылдан соң түрмеден шығады. Енді ол өз өмірінің мағынасын кәрі анасының арманын орындауда деп түсінеді. Ол анасының алдындағы кінәлі сезініп, бұл жанына тыныштық бермейді.
Бір жағынан, ол анасының арманын орындағысы келеді, екінші жағынан, төлеуге тура келетін құн. Бұл - тек басты кейіпкердің қалауы, оның өзін-өзі тыныштандыру құралы. Бірақ ананың өзі жастық арманын жүзеге асырғысы келетін-келмейтіні белгісіз. Басты кейіпкердің анасына деген сүйіспеншілігі шексіз екені еш күмәнсіз, ол құрбан болуға дайын, – дейді фильмнің режиссері Айбек Нығмет.
Фильмдегі басты рөлді танымал актер, «Келінжан» және «Сержан братан» сериалдары арқылы қазіргі кино жұлдызына айналған Рүстем Жаныаманов сомдады. Оның фильмографиясында «Жаным, сен сенбейсің!», «Жаңғақ ағашы», «Сыныптастар» және басқа фильмдер бар. Ананың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген актрисасы Рахилям Машурова, жас ананы «Анаға апарар жол» фильміндегі ана рөлімен танымал Алтынай Нөгербек сомдады. Сонымен қатар, фильмдегі кішігірім рөлдерді Асланби Медеулов, 6 жасар Шахнияз Данияр және М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері Нұрлан Әбілов сомдады.
Түсірілім тобына тоқталсақ, сценарийдің бірлескен авторы және креативті продюсері киносыншы Тұрар Төлегенов болса, бас продюсер – ақтөбелік кәсіпкер Болат Қабдығалиев. Қоюшы-оператор тәжірибелі маман - Асылхан Мелдебеков. Асылхан бас оператор ретінде «Зере», «Қазақша бизнес Кореяда», «Отыздан асып барамын», «Почти мачо»және басқа да ірі жобаларға қатысты. Костюм бойынша суретші - Елена Яковлева, кастинг-директор Әйгерім Әбілханова, дыбыс режиссері - Никита Фомин, ал атқарушы продюсер Рената Миргалиева.
Фильм Алматыда қаласы мен оның маңайында түсірілген. Фильм халықаралық және республикалық кинофестивальдерге қатысуға жіберіледі деп болжануда.