Оралдың алаяқтары зейнеткерлерді алдап соққан
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында алаяқтар зейнеткерлерді сан соқтырып кетті. Олар шетелдік массаж құрылғыларын қымбат бағаға сатқан. Оның үстіне тауар сапасыз болып шықты.
Бұл туралы 24.kz-тің мәліметіне қарағанда, қариялар жабдықты алу үшін банк арқылы несие рәсімдеген. Дертке дауа іздеп, опық жеп қалған зейнеткерлер құзырлы мекемеге шағым білдірді.
Жарнамасы жер жарған «сиқырлы кресло» арқаға және желкеге массаж жасауға арналған. Барлығы тетікпен басқарылады. Дызылдаған дүние арқаға массаж жасап жатқандай көрінеді. Алайда тұтынушылар бұл жабдықтың сапасы сын көтермейтінін айтып отыр.
Жасы жетпіске келген Галина Коригова аяғы мен белі сыр беріп жүргендіктен осы құрылғыны алуды ұйғарған. Менеджерлер тауардың сапасы мен пайдасын майын тамызып мақтаған. Бағасы бір миллион теңге шамасында болғанымен акция бойынша жеңілдік жасалатынын айтыпты. Зейнеткер 360 мың теңгесін қолма-қол төлеп, қалғанын банк арқылы рәсімдеген. Алайда сатып алған жабдықтан пайда болмады. Керісінше денсаулығына кері әсерін тигізіпті.
Осылай желкеме массаж жасағаннан кейін қатты ауырсындым. Мен менеджерлерге айтқан едім, олар қалыпты жағдай екенін айтты. Ал әпкемнің қан қысымы көтеріліп кетті. Аяққа арналған құрылғы тіптен істемейді. Қазір бұлардың ешқайсысын қолданбаймын, бірақ ай сайын несиеге 50 мың теңге төлеуге мәжбүрмін - дейді зейнеткер Галина Коригова.
Тауардың таныстырылымына келген зейнеткерлер алаяқтардың уысына қалай түскенін де аңғармай қалған. Күнделікті ауру-сырқаумен арпалысып жүрген қарияларға шетелдік өнім таптырмас дауадай көрінген.
Құрылғыны 2 рет қолданғаннан кейін қан қысымым көтеріліп кетті. Қолдарым жансыздана бастады. Содан ауруханаға түстім. 10 күн бойы ем алдым. Сөйтсем құрылғы денсаулыққа өте зиян екен. Жабдықты алу үшін 721 мың теңге несие алдым. Енді 3 жылда 1 млн 300 мың етіп қайтаруым керек. Қалай ойланбастан ондай шешім қабылдағанымды білмеймін - дейді зейнеткер Гүлсара Данилова.
Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің мамандары сараптама нәтижесінде тауардың сапасыз, әрі нарықтағы бағасынан әлдеқайда қымбат екенін анықтады.
Алаяқтық деп санаймыз. Департаменттің атынан, біріншіден, претензия дайындаймыз. Претензияны жаңағы, массажная накидканы сатқан компанияның мекен-жайына жолдаймыз және әрі қарай бұл іс если шешілмеген болса, сотта талап-арыз ретінде шешілетін болады - дейді облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Әйгерім Төлепова.
Мұндай жағдай өңірде алғаш рет тіркеліп тұрған жоқ. 2019 жылы алаяқтарға 12 адам алданған. Құзырлы органдардың араласуымен олардың қаражаты қайтарылды.