Оралда жаңа футбол клубы құрылды

Облыстық спорт басқармасының бастамасымен құрылған жаңа клубқа жергілікті кәсіпкерлер демеуші болып отыр. Биыл команда Қазақстан чемпионатының екінші лигасында ойнамақ. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне басқарманың бөлім басшысы Ринат Дүйсенов хабарлады.


Бұрын футболдан ҚР Чемпионатында облыс намысын "Ақжайық" футбол клубы қорғап келгені мәлім. Алайда команда 2022 жылдың қорытындысы бойынша Премьер-лигадан Бірінші лигаға түсіп қалған болатын. Былтыр тіпті қаржылық қиындықты бастан өткеріп, борышкерлер тізіміне енді. Заты жоғалып, аты ғана қалды. Сол кезде клуб басшылығы бюджеттен бөлінуі тиіс 400 миллион теңге уақтылы берілмеді деп спорт басқармасын айыптаса, аталған сала басшылары 3 рет жарияланған мемлекеттік сатып алу байқауына түрлі себептермен клубтың қатыспағанын алға тартқан еді. 

"Ақжайық" футбол клубында туындаған қиындықтарды шешуге 2025 жылдың 10 ақпанына дейін уақыт берілген еді. Ол мерзім өтті. Сол себепті облыс әкімдігі мен спорт басқармасы тарапынан шұғыл түрде инвесторлар тауып, жаңа клуб құру жөнінде жұмыстар жүргізілді. Спортты қолдауға ниет білдірген жергілікті кәсіпкерлер 80 миллион қаржы бөлді. Оның 15 миллионы Қазақстан Футбол федерациясынан лицензия алуға кетсе, 65 миллионы бұрынғы "Ақжайық" футбол клубының ойыншылар мен бапкерлерге берешектерін жабуға жұмсалды. Бұл еңбек инспекциясына жазылған арыз-шағымның негізінде дәлелденген сома. Жаңа клубта штатта 30 қызметкер бар. Ол негізгі құрам мен бапкерлер құрамы. Сондай-ақ бізде 100-ге жуық балалар жаттығуда. Келешекте қыздар командасын ашу да жоспарда бар. Қазір клубтың эмблемасы мен спорттық формасының 6 нұсқасы әзір. Федерациядан рұқсат алғаннан кейін әлеуметтік желіге жариялап, халықтың таңдауына ұсынатын боламыз. Жаңа клубта ойнауға 34 футболшы іріктеліп алынды. Бәрі де оралдықтар. Мақсатымыз жергілікті таланттарды танып-шыңдау, - дейді басқарманың бөлім басшысы Ринат Дүйсенов. 

Жаңа командаға іріктелгендердің бірі Мақсот Арыстанов. Ол "Ақжайық" сапында 3 жыл ойнапты. Осы кезеңде жеңістің бал дәмін де татыпты, жеңілістің өкінішті сәттерін де бастан кешіпті. Бірақ соңғы жыл есінде қиындықтарымен көбірек қалыпты. 

Қиын кезең артта қалды. Қазір алға үмітпен қараймыз. Командаластарымның әдемі ойын өрнегін көрсетуге, өздерін танытуға құлшыныстары зор. Былтырғы жыл қиын болды. 10 ай бойы жалақы алмадық. Әркім өзінше жан бақты. Табыс табу үшін жаттығудан кейін такси айдап, кісі тасуға да тура келді. Себебі үйге де кіріс кіру керек. Әрі футбол ойнауға қажетті "экипировканы" өзіміз сатып алуға тура келді. Қаржы тапшылығына байланысты клубтан көк тиын берілмеді, - дейді "Жайық" футбол клубының қақпашысы Мақсот Арыстанов. 

Қазір ойыншылар жаттығуларды бастап кеткен. Алдағы аптада оңтүстік өңірлердің біріне оқу-жаттығу жиындарына жол жүрмек. Оған 26 ойыншыны апармақ. 

Бірінші апта спортшылардың бабын байқадық. Шыны керек, желтоқсан-қаңтар айларында еш жаттығу өтпеді. Бірінші-екінші кезеңдері болмады. 50 күнге кешіктік. Себебі, біз ол кезде жаңа клуб құрылатынын білмедік. Орал футболы өше ме, өсе ме деген сауалдың жауабын енді тауып жатырмыз. Жаттығу жиынына апаратын футболшылардың тізімі айқын. Бәрі де өз түлектеріміз. Бапкерлердің үшеуі де жергілікті. Енді қақпашыны әзірлейтін тәлімгерді ғана аламыз. Шетел түгілі, өзге өңірлерден бірде-бір ойыншы шақыртпаймыз. Басты мақсатымыз - бірінші лигаға шығу. Алға қойған міндет-тапсырманы орындауға барымызды саламыз, - дейді команданың бас бапкері Вячеслав Невольников. 


Тайыр Жәнібек

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: архив
Өзгелердің жаңалығы