Оралда жаңа автобустар желіге қосылды
Орал қаласындағы «Оралавтотранс» тасымалдаушы кәсіпорнының автобус паркі жаңа 9 автобуспен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Вектор Next" маркалы-3, "Yutong" маркалы үлкен класты 6 автобус 5, 12, 43 қоғамдық көлік бағыттары бойынша желіге қосылады деп күтілуде.
Кәсіпорын иелігіндегі техникалардың құрамын жыл сайын жаңартып отырамыз. Ескі техникаларымызды кезең-кезеңімен жаңа автобустарға ауытырып тұрмыз. Жуырда "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ арқылы 9 жаңа автобус сатып алдық. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз, — дейді "Оралавтотранс" ЖШС директоры Қайрат Исқақов.
Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов жүргізушілерге автобустардың кілтін табыстап, жаңа қоғамдық көліктердің халық игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді. Жолаушыларға лайықталған автобустарда жүру бағытын білуге арналған GPS құрылғысы орнатылған. Көлік салоны кондиционермен, арнайы қажеттілігі бар жандардың арбасына арналған пандус, электронды табло және бейнекамералармен жабдықталған.
Орал қалалық баспасөз қызметінің бергнен мәліметіне қарағанда қалалық жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар жыл сайын автобус парктерін жаңартуда. Бұл – тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау арқылы жүзеге асып отыр. Өткен жылы осы бағытта қалалық кәсіпорындарға 3,9 млрд теңге көлемінде субсидия берілсе, биыл 5,2 млрд теңге қарастырылған.