Оралда ветеринарларға 106 жаңа көлік берілді
Кәсіби мерекелері тұста оралдық ветеринарлар түгелдей су жаңа көлікпен қамтамасыз етілді. Қажетті құрал-жабдық орнатылған бұл темір тұлпарлар енді барлық аудандағы ветеринариялық стансаларда қызмет етпек, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жәнібек аудандық ветеринария стансасында 11 жыл еңбек еткен Ақылбек Мусиловке су жаңа 106 мәшиненің бірі бұйырды. Жігіт ағасы бұған дейінгі көне көлігінің жүруінен сынуы жиілеп, әбден ығыры шыққанын жасырмады.
Бұрынғы машиналарымыз жолда сынады. Жолда қалады. Осы машинаның ішінде отырғанда өзім жекеменшік мәшине алғандай болып отырмын. Қуанып отырмыз ауылға осындай машина беріп жатқанына. Қазіргі заманға сай машина ғой. Біздің жақта жолға жақсы, далалыққа, мал шаруашылықтарына баруға. Крузакқа қарағанда мынаның жүрдектігі жақсы біздің жақта. Крузак өте алмаған жерден мынау өтеді ғой, – дейді БҚО Жәнібек аудандық ветеринариялық станса қызметкері Ақылбек Мусилов.
Өңірде ветеринариялық мекемелерді нығайту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен бөлінген 10 млрд теңгеге 700-ге жуық арнайы техника сатып алыныпты. Биыл 5 млрд. теңгеге 200-дей техника алу көзделіп отыр.
Ветеринариялық ұйымдарға жаңа қызметтік автокөліктерді табыстау іс-шарасын – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асырудағы кезекті қадамымыздың бірі деуге болады. Ветеринар мамандарының мәртебесін арттыру, еңбекақысын көтеру, сондай-ақ саладағы материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл – алдағы жылдары да жүйелі жалғасын табатын маңызды бастама, – деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.