Оралда үйсіз адамдарды дроппер болуға жалдаған ер адам ұсталды
Ол адамдарға ақша ұсынып, банк карталары мен шоттарын рәсімдеткен. Полиция 40-қа жуық дропперді анықтап, күдіктіні қамауға алды.
Оралда Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтық жасауға пайдаланылған банк шоттары арқылы жүзеге асырылған схемаға қатысы бар деген күдікке ілінген ер адамның әрекетін тоқтатты.
Схема қалай жұмыс істеген?
Полицияның мәліметінше, күдікті тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды іздеп тауып, оларға банк шоттары мен карталарын рәсімдеп бергені үшін ақша ұсынған.
Верификациядан өткеннен кейін олар өздерінің банк өнімдеріне қол жеткізу мүмкіндігін күдіктіге берген.
Құқық қорғау органдары барлығы 40-қа жуық дропперді анықтады. Олар – азаматтардан интернет-алаяқтық арқылы ұрланған ақшаны аудару үшін шоттары мен банк карталары пайдаланылған адамдар.
Тінту кезінде не тәркіленді
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында:
* 732 мың теңге;
* 14 ұялы телефон;
* SIM-карталар;
* банк карталары табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктіге не төнеді?
Сот ер адамды қамауға алуға санкция берді.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық әрекеттің қосымша эпизодтарын және схемаға қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды анықтап жатыр.
Полиция банк шоттары мен карталарын үшінші тұлғаларға беру, сондай-ақ ақша үшін мобильді банкингке қолжетімділікті ұсыну қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.