Оралда үшем дүниеге келді
Оралдағы Мағзомовтар шаңырағы зор шаттыққа кенелді. Отбасында бірден үш қыз дүниеге келді. 6 наурыз күні өмір есігін ашқан сәбилер екі апта дәрігерлердің бақылауында болыпты. Осы мерзімде ет алған соң, бүгін перзентханадан үйіне шығарылыпты. Бұл жөнінде осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.
Үшемдер жаңа туған сәбилердің патологиясы бөлімшесінде жатып шықты. Мәдина, Раяна, Аяла есімді сәбилердің бірінің салмағы 2300 грамм болса, екіншісі 2100 грамм, үшіншісі 2050 грамм болды. Қазір үшеуі де салмақ қосты. Емулері жақсы, шағымдары жоқ. Нәрестелерге 35 апта болғанда операция арқылы босандырдық, - дейді облыстық перинатальды орталықтың неонатолог дәрігері Асан Есқалиев.
Ерлі-зайыпты Мейрамбек пен Айзада бұған дейін үш ұл тәрбиелеп отыр екен. Үлкені 13-те, екіншісі 9-да, кішісі 6-да көрінеді. Үш ұлдан кейін қыз көрінсе деп тілепті. Бірақ құрсағыңа үшем біткен дегенде бастапқыда дәрігерлерге сенбепті.
Жүктіліктің алтыншы аптасында ультра дыбыстық зерттеуден өткенде үшем деді. Өзім әуелі сенбедім, артынан бойымды уайым биледі. Әлдеқалай болады деп қобалжыдым.Өйткені бұған дейінгі үш баламды да кесір тілікпен босанған едім. Қауіп барына қарамастан, тәуекел еттім. Бәрі сәтті өтіп, қиындық артта қалды. Қуаныштымын. Негізі үш ұлдан кейін қыз армандағам, құдай тілегімді молынан берді. Жүктілік жақсы өтті. Тек соңғы апталарда кішкене ауырлау болды. Дәрігерлердің арқасында қызғалдақтарым қанаттанып кетті. Кесір тілігін жасаған Алфия Қажымұратқызына және Салтанат Ғалымжанқызына алғыс білдіремін. Және жансақтау бөліміндегі мейірбикелерге ризашылығым шексіз. Сол кісілердің арқасы. Менің нағашы әжем егіз туған екен. Үшем көтеруім сол кісіден дарыған шығар, - дейді Айзада Құбашева.