Оралда тұрмыстық қалдықтар полигоны өртеніп жатыр
Оралда тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны өртеніп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қалаға қарасты Зачаган кентінде өрттің шұбатылған түтіні анық көрінеді.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тұрғын үйлерден 15 шақырым қашықтықта орналасқан полигонда сағат 17.46-да шамамен 1 гектардай аумақта қоқыс жанды.
«ICM Recycling» ЖШС-ға тиесілі полигонның жалпы ауданы – 33 гектар. Аталмыш ЖШС-ның күшімен (6 бортты көлік, 1 экскаватор, 2 бульдозер) жанып жатқан жер сазбен көмілуде. Қала аумағында түтін исі байқалмайды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға ТЖ басқармасы (2 адам, 1 техника), №3 өрт сөндіру бөлімі (6 адам, 1 техника) және «ICM Recycling» ЖШС (16 қызметкер, 9 техника) күштері жұмылдырылған, деп хабарлады ведомстводан.
Зачаган кенті тұрғындарының сөзіне қарағанда, мұндай жағдай жаз шыға жиі орын алады. Кейде түнде өрттің жағымсыз исі кентті алып кетеді.