Оралда қоршаған ортаны қорғауға қатысты форум өтті
Оралда VI Uralsk Green Forum халықаралық шарасы өтті. Форум мақсаты –қоршаған ортаны қорғау жұмысын жетілдіру. Жиын «ESG мен тұрақты даму принциптерін интеграциялаудағы жаңа трендтер» тақырыбында өрбіді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шара мақсаты – өңірлердің тұрақты дамуы үшін ESG принциптерін қолдану мүмкіндіктерін қарастыру, аймақтағы көміртекті офсет жобаларын әлеуетті дамыту мәселелерін талқылау және қалдықтарды басқару әдістерін жетілдіру мен ОҚТ-ны тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін саралау.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев жер қойнауын пайдаланушы компаниялар су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысын күшейтеуі керектігін айтты.
2019 жылдан бері көрші Ресейден өңірдің оңтүстік және батыс аудандарына жеткізілетін су көлемі артты. Сонымен қатар жергілікті су айдындары «қоректенетін» 178 шақырымдық Киров-Чижин каналының реконструкциясы аяқталды. Біз жаңа технологияларды енгізу арқылы су ресурстарын тиімді басқарып, ұқыпты пайдалануымыз керек. Жер асты суларын пайдалануға өту бойынша жұмыстар атқарылуда. Ал «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы аясында облысымызда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 15-тен 18%-ға жеткізуді жоспарлап жатырмыз. Көміртекті бейтараптыққа жету және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобаларын дамытуға барлық алғышарттар бар, - деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
Форумда өңірдің дамуына, өркендеуіне, жұмыс орындарын қамтамасыз етуге үлес қосқымыз келеді деген «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» Б.В. Бас директоры Джанкарло Рую оны экологиялық тиімді жолмен жүзеге асыру керектігін атап өтті.
Жалпы «жасыл» экономикаға көшу мәселесі бизнесті дамытумен тығыз байланысты, екеуін бөлек қарастыруға болмайды. КПО – ірі кәсіпорын, өңірдегі ықпалы да зор. Компанияда 4 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қызметіміз де кеңейіп жатыр. Сондықтан бізге осы салада көшбасшы болу қажет. Бизнестің экологиялық тұрғыдан тиімдірек, тұрақтырақ болып, экологиялық бетбұрысқа қалай үлес қоса алатыны туралы талқыға себепші болып, ой бөлісу біз үшін маңызды, - деді «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» Б.В. Бас директоры Джанкарло Рую.
Форум соңында БҚО әкімігі мен КПО компаниясы «Батыс Қазақстан облысында әлеуетті офсеттік жобаларды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы» Келісімге, сонымен қатар БҚО экология департаменті, БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, КПО компаниясы және М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті арасында «Қайта өңделген өнеркәсіптік қалдықтарды қайталама шикізат ретінде қолдану мүмкіндігі саласындағы ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы» Келісімге қол қойылды.
Форум қорытындысында резолюция қабылданды. Аталған құжат аясында қатысушылар халықтың табиғатты қорғау технологияларын пайдалану және қалдықтарды тұрақты басқару салаларындағы мәдениетін көтеруге бірге әрекет етуге келісті.
Сондай-ақ жиында қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму саласындағы үздік мекемелер мен мамандар марапатталды.