27 Қараша 2026, 02:23

Оралда нәресте өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Орал қаласындағы көпбейінді ауруханада нәресте шетінеп кетті.

Марқұмның туыстарының айтуынша, сәби жүктіліктің толық мерзімінде дүниеге келген. Олардың сөзінше, анасының қан қысымы жоғары болып, қант диабетімен ауырған. Сонымен қатар, нәрестенің салмағы 5 келі болған. Туыстары дәрігерлердің кесарь тілігінен бас тартқанын алға тартады.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ жәбірленуші тарап ұсынған дәлелдер тексерілуде.

Тергеу облыстық полиция департаменті мен прокуратура басшылығының бақылауында. Құқық қорғау органдары тексеру нәтижесі бойынша заң аясында процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлады.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы 22 қарашада нәрестенің өлі туғанын мәлімдеді.

Ведомствоның дерегінше, жүкті әйел 16 қарашадан бастап қалалық көпбейінді аурухананың жүктілік патологиясы бөлімшесінде ем қабылдаған. Жүктіліктің 39 аптасы ілеспе аурулар мен бірқатар қауіп факторлары аясында өткен.

Пациент қажетті медициналық тексерулерден өтіп, дәрігерлер консилиумының шешімімен бақылауда болған. 22 қарашада табиғи жолмен босану басталып, процесс акушер-гинеколог пен неонатологтың қатысуымен жүргізілген.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, босану асқынғаннан кейін дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсеткен. Сағат 16:00-де өмір белгілері жоқ қыз бала дүниеге келген. Неонатологтар жүргізген реанимациялық шаралар нәтиже бермеген.