Оралда автосалондағы көтергіштен құлаған төрт әйел жарақат алды
Қолдан жасалған көтергіштің тросы үзіліп, төрт әйел ауруханаға жеткізілді.
Ғимарат ішінде қолдан жасалған көтергіштің арқаны үзіліп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысында Орал қаласындағы Шолохов көшесінде орналасқан автосалон ғимаратында көтергіш механизмнен құлаған төрт әйел түрлі жарақат алды.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 16 сәуір күні болған. Ғимараттың жертөле қабаты мен екінші қабаты арасында қатынауға пайдаланылған қолдан жасалған көтергіштің тросы үзіліп кеткен.
Зардап шеккендердің барлығы қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінде бұл оқиғаға байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Тексеру 24 сәуірде басталып, 30 күнге созылады.
Оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерттеледі. Кешенді тексеру жүргізіледі, – деді департамент басшысының орынбасары Арман Түйгінбетов.
Ал өңірлік денсаулық сақтау басқармасы әзірге зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат ұсынған жоқ.