Оралда автобус жолаушыларына бұрыш баллонымен шабуыл жасалды

Оралда автобус ішінде бұрыш баллоны қолданылып, жолаушылар арасында жанжал туындап, арты жаппай төбелеске ұласты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға үш күндік музыкалық фестиваль аяқталған түні болған. Концерт өткен жерден қалаға дейін арнайы автобустар ұйымдастырылған еді.

Сол автобустардың бірінде жолаушылар арасында орын үшін жанжал шыққан. Куәгердің айтуынша, мас әйел орын беруді талап еткен, бірақ одан бас тартылған. Жағдай айқайға, кейін төбелеске ұласқан.

Жолаушылардың бірі түсіріп алған видеода бір ер адамның бұрыш баллонын шығарып, артында отырған қыздың бетіне шашқаны, содан соң видео авторының да бетіне бағыттап бүркігені көрінеді. Бұдан кейін ол тағы бірнеше адамға шабуыл жасаған. Жәбірленушілер қарсылық көрсетіп, салонда айқай-шумен жаппай төбелес басталған.

Әуелі әйел жанжал шығарды, кейін әлгі ер адам араласты. Ақыры менің бетіме бұрыш газын бүркіп жіберді, көзімді жаба алмай қалдым. Содан соң досыма да шашып, артынан қуды. Біз жедел жәрдемге бардық, мені емдеп шығарды. Қазір арыз жазуға кетіп барамын, нәтиже болады деп үміттенемін, - деді видео авторы.

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталды, ер адамдардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы