Оралда алаяқтар интернет арқылы қару мен жалған құжаттар сатып жүр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 104 мың теңгеге жүргізуші куәлігін жасап ал! Сондай әдіспен әскери билетті де қалтаға бас. Құжаттарды курьердің көмегімен жақын жердегі пошта бөлімшесінен алуға еш кедергі жоқ. Әлеуметтік желілерде осындай жарнамадан көз сүрінеді.

«Хабар 24» арнасының хабарлауынша, хабарлама таратушыларға сенемін деп сан соғып қалғандар да аз емес. Ал пысықайлар қажет құжаттарды құнттап қана қоймай, электронды қолтаңбаны да алып береміз дейді. ХҚКО-дан кезекті брондауға да қолғабыс ете алатынын алға тартады.

Алаяқтар бізге кері әсерін тигізуде. Сондықтан халыққа айта кететін жайт, оларға сенбей, тек қана жергілікті басқару органдарына хабарласып немесе телефон шалып, тиісті ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, egov порталы арқылы тиісті құжаттарын жинақтап, әскери билетке өтініштерін жазып, оны 10 жұмыс күні ішінде ала алады, - дейді Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бөлімше бастығы Қуат Ахметқалиев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында мониторинг өткізіп тұрады. Бірақ, алаяқтарды да, олардың қызметін пайдаланушыларды да табу оңайға түспей тұр.

Оның бәрі – құқыққа қарсы қылмыс, алаяқтық. Тіпті, заң бойынша мына травматикалық қаруды сатуға Қазақстанда рұқсат жоқ. Екіншіден, мына ақ билет деген – болмайтын зат. Әлеуметтік желілерде сондайларды 100 мыңға сатады деп шығып жатыр. Біздің мақсатымыз – осыны облыс тұрғындарына жеткізу, - дейді «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Сәлиева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы