Оралда әкелер мен балалар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оралда әкелер мен балалар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Қаладағы спорт клубының ат спорты бөліміне 10-13 жас аралығындағы 80 шақты бала тегін қатысып жүр, деп жазды Хабар24.
Жарыс кезінде олар әкесімен бірге садақ ату, серке ілу, аударыспақ пен кермеге тартылудан өзара шеберлік байқасты. Мақсат – ұлттық спортты дамыту, отбасы құндылықтарын дәріптеу. Жарысқа қатысқан 12 жұпқа салт-дәстүр мен жылқыға қатысты сұрақтар да қойылды. Жарыс ұлттық спорт түрлерін дамытуды көздейтін этнокешенде өтті. Бұл жерде балалар атқа қалай отырудан бастап серке ілу мен аударыспақ секілді спорт түрлеріне машықтанады.
Сонымен қатар садақ ату мен белтемірге тартылуды да меңгереді. Сайыс кезінде әкелер ат жалын тартқан ұлдарының еркін қимылына риза болып, ептілігіне сүйсінді. Қаланың қарбалас тірлігі күн сайын жаттығуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, балалар осында асығып тұрады. Көп нәрсе үйренгенін көріп марқайып тұрмыз,- дейді олар.
Баламыз телефон ойнауын қойып, таң атқаннан кеш батқанға дейін осы жерде шауып жүреді. Ол деген қаланың баласына мәртебе. Біз, қазақ, атқа мініп өскен баламыз ғой. Балаларымыз атқа мініп өссе, денсаулығы жақсы болады, - деді жарысқа қатысушы Қуанышбек Бұлтбайұлы.
Әке – балаға сыншы. Ал ат спорты балуан білекті, шымыр да епті жігіттердің ісі. Ат спортын серік еткен жас буын да мұны терең түсініп, намысқа тырысқаны байқалды.
Телефон ойнап көзімізді ауыртқанша, осында келіп денемізді шынықтырып, қазақтың ұлттық спорттарын ойнауымыз керек. Негізі әр адам бала атқа келген сайын атқа ынта болады. Басында мен де атқа міну білмедім, дұрыс отыру дұрыс ерттеу. Қазір мында сабаға келіп өзімнің шабыттарымды ашып, атты ерттеуді білемін, аттың үстіне отыруды, шабуды білемін. Осында келіп бәрін үйрендім, - деді жарыс жеңімпазы Нұрдәулет Оралханұлы.
Ақылбек Ищанов басшылық ететін этно кешенде балалар көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан жаттығады. Дегенмен, өңірде ат спортына баулитын мұндай орталықтар тым аз.
Ұлттық спорт кенжелеп тұр, оны мойындау керек. Бұрын ауылдың баласы жұмыс істейді, қаланың баласы әлсіз деп. Қазір ауылдың баласы мен қаланың баласында ешқандай айырмашылық жоқ деп айтуға болады. Өйткені бәрінде сол телефон, қазір ауылдың бәрі шүкір газ, су келіп тұр. Бұрын енді біз су тасыдық, отын жардық, мал жайладық. Қазір ауылда атқа мінетін бала жоқ ауылда, бәірі жылықыны, малды мотоциклмен бағады. Ауылдан келіп каникулда бізге келіп ат үйірмесіне қатысатын балалар бар, - деді этнокешенінің жетекшісі Ақылбек Ищанов.