Оралда адамның басына тас түсіп мерт болды
Орал қаласында көшеде тротуармен кетіп бара жатқан жүргіншінің басына кірпіш құлап мерт болды. Қайғылы оқиға бүгін түс ауа Әлия Молдағұлова көшесі, №2 мекенжайдың маңында орын алған. Бұл ақпаратты BAQ.KZ тілшісіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады.
"Жедел жәрдем" қызметіне қоңырау 15-03 шамасында түскен. Оқиға орнына медицина қызметкерлері шұғыл жеткенмен, зардап шеккен азаматтан тіршілік нышандары байқалмады. Қаза тапқан ер адамның жас шамасы 60-65-тердің айналасында, - дейді дәрігерлер.
Ал БҚО полиция департаментінің айтуынша, жазатайым жағдайда қайтыс болған азамат 1956 жылғы. Қазір ҚР Қылмыстық Кодекстің 277-бабы, 2- бөлігі, яғни Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.
29 қаңтар күні Орал қаласындағы Жуков көшесі, 14 мекенжайында салынып жатқан 9 қабатты үйдің маңында кірпіш құлау оқиғасы тіркелді. Яғни, өтіп бара жатқан ер адамның басына кірпіш құлаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде,-дейді БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Нұржан Қуанғали.
Оқиға орнында бір емес, ондаған кірпіш шашылып жатқаны көрініп тұр. Дәл осы жерде тротуарға тақалып, 9 қабатты үйдің құрылысы жүріп жатқан болатын. Нысанның төлқұжатында құрылысқа тапсырыс беруші әрі мердігері "Строй Техно Групп" ЖШС екені жазылған.
Тайыр Жәнібек