Оралда Абайдың мерейтойына орай аула абаттандырылды

Орал қаласында "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында "Таза аула" шарасы өтті. Игі бастама аула аумақтарын абаттандыру мен тазалауға бағытталған. Акцияға 20-дан астам ерікті қатысып, қалалық ортаны жақсартуға нақты үлес қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Акция барысында атқарылған жұмыстар:

• аулалар қоқыстан тазартылды;
• балалар ойын алаңдары мен қоршаулар әктеліп, сырланды;
• шөптер шабылып, ойын мен демалысқа арналған жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылды.

Шара Абай көшесінің бойында ұйымдастырылып, ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орайластырылды. Бұл — облыс көлемінде жүзеге асып жатқан 50 ойын алаңын абаттандыру жөніндегі ауқымды жобаның бір бөлігі.

Біз бүгін тек аумақты тазалап жатқан жоқпыз — жауапкершілік мәдениетін, экологиялық ойлау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастырып жатырмыз, - деді Батыс Қазақстан облыстық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев.

Қалалықтар бастаманы қолдады

Шараға қатысқан аудан тұрғындары бұл бастаманы оң бағалап, өз аулаларында тәртіп пен тазалықты сақтауға дайын екендіктерін білдірді. Ерікті жастар акцияда маңызды рөл атқарды. Жуырда оларға қала тұрғындары — ересектер де белсенді түрде қосыла бастағаны байқалды.

"Таза аула" — бұл бір реттік тазалық шарасы емес, тұрақты өзгерістерге апаратын жол. Мұндай акциялар алдағы уақытта Орал қаласының басқа да аудандарында жалғасатын болады. Табиғатқа қамқорлық — бұл бүгінгі біздің міндетіміз және келер ұрпаққа аманат, - деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы