Орал-Саратов тас жолы ақылы болады
Орал-Саратов тас жолы 1 желтоқсаннан бастап ақылы болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көлік министрінің бұйрығына сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап Орал-Саратов тас жолының бір бөлігі де енді ақылы болады. Бұл ретте жеңіл автокөліктер II және III техникалық санаттағы жолдарды пайдаланғаны үшін төлемақы төлеуден босатылған. Осылайша тек автобустар мен жүк көліктерінің жүргізушілері жаңа ақылы учаскені пайдаланғаны үшін жол жүру ақысын төлеуге міндетті болады.
Ресеймен шекараға дейінгі бағытта салынған тас жолды пайдалану құны көлік түріне байланысты 0,142 АЕК пен 0,710 АЕК аралығында, я болмаса 2023 жылғы көрсеткіштер бойынша 489,9 теңге мен 2 449,5 теңге аралығында құбылады.
Бір айлық қоғамдық көлікте жүруге арналған куәлік бағасы 1-ден 5 АЕК-ке дейін (3 450-ден 17 250 теңгеге дейін), ал бір жылдық қоғамдық көлікте жүруге арналған куәлік бағасы 12-ден 60 АЕК-ке дейін (41 400-ден 207 000 теңгеге дейін) болады.