Қорқор шегетіндер коронавирустан қорықпай ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде COVID-19 індетіне сенбейтіндер, өкінішке қарай, азаймай тұр. Күніне, тіпті санаулы минуттарда коронавирус жұқтырғандардың саны өсіп жатқаны, сақтық шараларын барынша сақтау қажеттігі қанша ескертіліп жатса да, пандемияға пысқырмайтындар бар.
Олар маска кию, қолды антисептикпен өңдеу секілді негізгі талаптарды орындамай отыр. Елорданың кейбір қоғамдық орындары да шектеуге шекесінен қарайтындай. Егер бұлай жалғаса беретін болса, елордада карантин күшейтілуі мүмкін. Мұны біз емес, елорданың бас санитар дәрігері айтады. Хош.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен елордада рейдтік шаралар өтіп жатыр. Әкімдікке қарасты мониторинг тобы кеше Есіл және Алматы аудандарында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарының карантин талаптарын сақтайтын не сақтамайтынын тексеру үшін рейдке шықты.
Пандемияға пысқырып та қарамайды
Сағат тілі 21.25-ті көрсетіп тұр. ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының өкілдері, волонтерлер, полиция мен бір топ журналист мінген шағын автобус сол жағалаудың төріндегі – Достық көшесінде орналасқан "Москва" іскерлік үйіне ат басын бұрды.
Қорқордың көк түтіні қалықтаған орынға сау етіп кіріп келгенімізде, алғашқыда сондағы жұрт үрпиісіп қарады. Іші толған жастар екен. Жігіттерден қалыспаймыз деді ме, кім білген, әйтеуір, қыздар да салқын сырадан сыздықтата ұрттап қойып, қорқор түтінін құшырлана жұтып, қаннен-қаперсіз отыр. Карантин талаптарын сақтап жүруді ойламайтын секілді ме, қалай?..
Үстелді жағалай алқа-қотан отырып алған жастар талапқа сай екі метр қашықтықты да сақтамаған. Ол, ол ма, даяшылар да маскасыз, арнайы қолғапсыз қызмет көрсетіп жүр. Мұны көрген сақшылар да қарап тұрмады. Қоғамдық орын әкімшісі мен келушілердің кейбіріне айыппұл салды. Өздерінің кінәсін түсінсе керек, ешқайсысы ләм дей алмады.
Полиция қызметкерлері мен Есіл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов жиналғандардың әрбіріне карантин талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарау керек екенін айтып, нұсқау берді.
Сондай-ақ ол қоғамдық тамақтану орындарында үстелдердің арақашықтығы 2 метр болуы тиіс екенін, даяшылар бетперде тағып, қолғап киіп қызмет көрсетуі қажеттігін еске салды.
Мұндай орындарға келушілер санитарлық талаптар мен жеке гигиена ережелерін сақтап, қолын антисептикпен өңдеп, маскамен кіруі қажет. Өкініштісі, мұндай нысандарда вирустың таралуына қарсы күрестің ең дұрыс әдісі сақталмай отыр, - деді А.Құрбанов.
Лоундж барды шарлап жүр талай қазақ баласы
Сағат 22.40. Бұдан ары біз Қошқарбаев көшесі, 27-үйде орналасқан тағы бір қоғамдық орынға табан тіредік. Мұнда да әлгіндей көрініс. Кальян түтінінен "кәйіп" алған ығы-жығы жұрт. Әсіресе, әдеттегідей, жастардың қарасы қалың. Кейбірі тіпті салқын сырадан сіміріп қойып, карта ойнап, алаңсыз отыр. Келушілерді қойшы, қоғамдық орын иесі де карантин талаптарына қырын қарайтын секілді. Бұлай демеске амал кем. Даяшылар жалаң қолмен тамақ тасып зыр жүгіріп жүр. Тәртіп сақшылары планшет түймесін басып кеп жіберді де, мұнда да лоундж бар әкімшісі мен "қорқорқұмарларға" айыппұл салып, хаттама толтыра бастады.
Қоғамдық орын әкімшісінің аузына жөнді сөз түспеді ме, кім білсін, әйтеуір "Кешіріңіздер, енді қайталанбайды, кешіріңіздер..." деп қайталай берді. Алайда, талап бәріне ортақ, бәріне бірдей екені анық.
Мониторинг тобы анықтаған жеке адамдар мен қоғамдық орын иелеріне санитарлық-эпидемиологиялық орган тарапынан да айыппұл салынады. Оның көлемі "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 462-бабы 3-тармағына сәйкес 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін. Мониторинг жұмыстары карантин шаралары алынып тасталғанға дейін жалғаса береді, - деді Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдері.
Полицейлерге "Кока-кола" ішіп, диванда шалқайып отырған төрт жігіттің бірі күдікті көрінгендей болды. "Ау, мынау мектеп оқушысы ғой, мұнда не істеп жүр?!" дестік біз.
Сақшылар құжаттарын тексеріп көріп еді, шынымен де, біреуі кәмелеттік жасқа толмаған болып шықты. Ал заң бойынша олар мұндай орындарда сағат 22.00-ден кейін отырмауы керек. Ал жанында ата-анасы не сенімді өкілі болмаса, 23.00-ден кейін көшеде жүрмеуі тиіс. Осы орайда сақшылар әріптестері – кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын инспектор мен баланың ата-анасын шақыртты. Хош.
Еске сала кетейік, елорда әкімдігінің мониторинг тобы бұған дейін қаланың Сарыарқа ауданында орналасқан шағын бизнес нысандарының карантин талаптарын сақтауын тексерген болатын.
Бүгінгі күнге дейін 300-ге жуық дүкен, дәмхана мен мейрамханаға мониторинг жасалған.100 нысан иелерінің де Нұр-Сұлтан қаласы бас санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген талаптарды орындамағаны анықталды. Кемшіліктер түзелгенше шағын бизнес нысандары уақытша жабылған.