Қорғаныс министрлігі мен «Жас сарбаз» қозғалысы меморандумға қол қойды

Астана, BAQ.KZ. Бақыт Сұлтанов жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы Қорғаныс министрлігі және «Жас сарбаз» қозғалысымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.  

Өз қолдарын құжатқа сондай-ақ, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев қойды.

Меморандум аясында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелері бойынша бірлескен форумдар, акциялар, әскери-патриоттық жиындар мен семинарлар ұйымдастырылып, өткізіледі, «Жас сарбаз» қозғалысының қалалық филиалын, сондай-ақ, басқа да жастар ұйымдарын құру және дамытуда көмек көрсетіледі деп жоспарлануда.

«Әскери-патриоттық бағытта тәрбие беру ісі сізге қандай да бір техникалық білім мен дағдылар беруге, сіздерді әскери-қолданбалы спорт түрлерімен таныстыруға бағытталып қана қоймай, сіздер өмірдің кез келген қиын жағдайында жұмыла әрекет етуге, бір-біріңді құтқаруға және Отанымызды қорғауға дайын болуыңыз үшін бойларыңызға патриоттық сезімді сіңіреді», –деді Қорғаныс министрі.

Оның атап өтуінше, Қорғаныс министрлігі қазіргі таңда осы ретте жергілікті атқарушы органдар, жастар және ардагерлер қоғамдық ұйымдарымен белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгін еліміз бойынша 100-ден астам мектепте «Жас сарбаз» сыныптары ашылған. Сондай-ақ, ел бойынша 3 мыңға жуық әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді. Олардың қатарында 74 мың бала мен жасөспірім бар.

«Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді ұйымдастыру және ілгерілетуде Астананың үлгі боларына сенімдіміз», – деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы.

Қала әкімі Бақыт Сұлтанов өз тарапынан Мемлекет басшысының осы жылды Жастар жылы деп жариялағынын еске салды.

«Астанада Жастар жылын өткізу мақсатында Жол картасы қабылданды. Бір жыл бойы қалада 11 бағытты қамтитын 600 іс-шара өткізілетін болады. Жобалар жастардың әлеуметтік қорғалуын, медицинаның қол жетімділігін жоғарылатуға, білім қажеттіліктерін іске асыруға және жұмыспен қамтамасыз етуге, жастар бастамаларын қолдауға, сондай-ақ оларға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған», – деді Б. Сұлтанов.

Оның айтуына қарағанда, осы жобаларды іске асыруға қаладағы барлық жас атсалысатын болады.

«Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын атап өткен болатын. Осы ретте Астанада «Жас сарбаз» қозғалысының филиалы құрылып, жастар арасында әскери патриоттық тәрбие беру ісін күшейту мақсатында қала мектептерінде арнайы сыныптар ашылды. Меморандум осы жұмысты жүйелі және мақсатты жүргізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деп атап өтті Астана әкімі.

«Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігін Қорғаныс министрлігі мен басқа мемлекеттік органдар Мемлекет басышысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында құрған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы