Қорғаныс министрі Өзбекстанға ресми сапармен барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ташкентте Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Өзбекстанның қорғаныс ведомство басшысы Баходир Құрбанов арасында ресми кездесу өтті, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Келіссөз барысында тараптар әскери ынтымақтастықтың болашақ бағыттарын талқылады және «Қалқан-2019» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуының белсенді фазасы өткен «Шыршық» полигонына барды.

«Өзбекстан Республикасы – өңірдегі, оның ішінде, қорғаныс саласындағы Қазақстанның негізгі серіктесі болып табылады. Жауынгерлік даярлық, кадрларды даярлау, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға қатысу сияқты салалардағы елдеріміздің Қарулы Күштері арасындағы ынтымақтастық екі тараптың да мүдделеріне сай келеді», - деді ҚР Қорғаныс министрі әріптесімен кездесу барысында.


Қорғаныс ведомстволарының басшылары Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алуға арналған «Азалы ана»монументіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университеті мен  академиясы арасындағы тыңдаушылар мен оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуын ұйымдастыру ұсынылған Өзбекстан Қарулы Күштерінің академиясына барды.

Сапардың жалғасы ретінде министрлер «Шыршық» полигонына келді. Онда «Қалқан – 2019» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуының  белсенді фазасы басталды. Олардың негізгі мақсаты - бірлескен терроризмге қарсы операцияларға дайындалу мен оны өткізуде  тәжірибе алмасу, сондай-ақ екіжақты әскери ынтымақтастықты дамыту және жауынгерлік бауырластықты нығайту.


Сценарий бойынша әскери қызметшілердіңбасты міндеті заңсыз қарулы құралымды анықтау және жою бойынша бірлескен операцияны сәтті жүргізу болды.

Шартты қарсыласты жою үшін әскерлер ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдана отырып, ауданды барлауды жүргізді, соққы беру шабуылдау топтарын түсіру мен оқшаулауды пысықтады. Авиация бөлімшелерге әуеден қолдау көрсетті.


Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен  Өзбекстан  қорғаныс ведомствосының басшысы Баходир Құрбанов екі ел әскери қызметшілерінің кәсіпқойлығы мен бөлімшелер іс-қимылының үйлесімділігіне жоғары баға берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы