Оқытушыларға қысым жасауды тоқтату керек - Мемлекет басшысы
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоғары курс студенттерінің педагогикалық тәжірибесіне айрықша мән беріледі. Болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Президент педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет екенін айтты.
Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қатары артып келеді. Қазір таңда олардың саны 21 мыңнан асты. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады. Жалпы, педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет, - деді ол.
Тоқаев біліктілік талаптарын жиі өзгерту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатуы керектігін айтты.
Сонымен қатар салалық министрлік біліктілік талаптарын жиі өзгерту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатуы керек екенін айтқым келеді. Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне тосқауыл қою қажет. Мұғалімдер тыныш, тұрақты және алаңсыз жұмыс істеуге құқылы. Педагог кадрлардың 60 пайызға жуығы өңірлік жоғары оқу орындарында даярланады. Сондықтан өңірлер деңгейінде жас мұғалімдерді қолдаудың маңызы зор. Әкімдер педагогтерді даярлау және жұмысқа орналастыру үшін қолайлы жағдай жасауы керек, - деді Президент.