20 Қараша 2026, 12:03 Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

«Оқымасаң, мал бағасың» деген түсінік қате – ауылға көшкен бұрынғы тележүргізуші

Бұрынғы тележүргізуші Шарипа Жұмабайқызы мал шаруашылығымен айналысу үшін де білім мен тәжірибе қажет екенін айтты. Қазір ол жолдасымен бірге Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында ата кәсіпті жалғастырып жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында Шарипа Жұмабайқызы ауылға көшіп, мал шаруашылығымен айналысқысы келетін жастарға кеңес берді.

Оның айтуынша, ауылда еңбек етемін деген адамға мүмкіндік бар. Алайда бұл салаға қызығушылықпен қатар, еңбекқорлық пен белгілі бір қабілет қажет.

Қаладан ауылға көшіп келемін деген жастар болса, әрине, екі қолға бір күрек табылады. Оның үстіне алған білімің мен тәжірибеңді ауыл шаруашылығына арнау – үлкен әрі маңызды іс. Әлеуметтік желіде «Сіздер сияқты ауылға барып еңбек еткіміз келеді» деп жазатындар көп. Біз бұған өте қуаныштымыз. Ең бастысы – ниет пен жігер. Бірақ мал бағуға деген аз да болса қабілетің болуы керек, – деді ол.

Бұрынғы тележүргізуші қоғамда қалыптасқан «Оқымасаң, мал бағасың» деген түсінікпен келіспейтінін жеткізді. Оның пікірінше, мал шаруашылығы тек қара күшті емес, білім мен табандылықты да талап етеді.

 «Оқымасаң, мал бағасың» деген түсінік бар. Бұл сөздің бастапқыда қандай мақсатта айтылғанын білмеймін. Бәлкім, оқымасаң, біреуге жалданып мал бағасың деген мағынада шығар. Бірақ мал шаруашылығы үлкен білімді, табанды еңбекті талап етеді. Жолдасым екеуміз далада еңбек етіп жүрміз. Қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасы болсын, еділбай қойы болсын, бәрі де күтімді қажет етеді. Бұл – ата кәсіп. Қай заманда да өзектілігін жоғалтпайтын кәсіп, – деді Шарипа Жұмабайқызы.

Ол жастарды ауыл шаруашылығына бет бұрып, алған білімі мен тәжірибесін осы саланы дамытуға жұмсауға шақырды.