Оқушының жатырынан бір баланың салмағындай ісік алдық - дәрігер
Қыз-келіншектердің гинекология саласына қатысты сұрақтары таусылған емес. ҚР ПІБ МО ауруханасының Гинекология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты гинеколог дәрігер Гүлбарам Башарованың бұл саладағы тәжірибесі 30 жылдан асады. Білікті дәрігер әйелдерді мазалайтын белең алған ауру түрлері мен оларды емдеу жолдары қандай деген сұрақтарға BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
– Сіздерге науқастар көп жағдайда қандай шағымдармен келеді?
– Гинекологиялық хирургия бөлімшесінде көп бала босанғаннан немесе ауыр көтергеннен әйел жыныс мүшелерінің төмен түсуі, эктопиялық жүктіліктің барлық түрі, жатыр мен қосалқылардың жіті қабыну және іріңді аурулары, бедеуліктің бірнеше түрі, жатырішілік патология (полиптер, гиперплазия, синехия), стрестік зәр ұстамау, жатырдың, қосалқылардың және жамбас ішпердесінің эндометриозы, жатырдың қатерсіз өспелері (әртүрлі локализациядағы миома), қосалқы өспелер (кисталар мен кистомалардың барлық түрі), әйел жыныс мүшелерінің туа біткен ақаулары емделеді. Бізде операциялар дәстүрлі және лапароскопиялық, робот-ассисттелген әдістермен жасалады. Науқастың жағдайына қарай операциялар жоспарлы және шұғыл түрде болуы мүмкін. Біз барлық жағдайда әйелдердің жатыр мүшелерін сақтап, ана ретінде келешегіне зиян келтірмеуге бар күшімізді саламыз.
– Гинекология саласында сіз атаған аурулардың қандай түрлері белең алған және оның себебі неде?
– Бүгінде жатырға бітетін қатерсіз «миома» ісігі жас талғамайтын болған. Бұрын бала босанбаған немесе жасанды түсік көп жасатқан әйелдерде жиі кездесетін. Қазір жас қыздарды да бұл дерт жиі мазалайды. Миоманың белгілері әртүрлі болуы мүмкін: етеккір ұзақ немесе жиі, әрі көп келеді, содан анемияға алып келеді. Ал анемия жұмыс қабілетін нашарлатып, шаш түсу, тырнақ сыну, терінің өзгеру секілді өзгерістерді туындатады. Ал басты белгісі – іштің өсуі. Яғни ісік ұлғайған сайын жүкті әйелдікіндей іш те өсе бастайды. Миомасы бар әйелдің бала көтеру жорамалы аз, көтерген жағдайда тәуекелдері көп. Сондай-ақ ішіне ірің жиналатын киста түрлері де белең алған ауру түрі болып саналады.
Оларды эндометриозды және дермоидті кисталар деп бөліп қарастырған жөн. Оның ішінде эндометриозды кистаны уақытында емдемесе, салдары қатерлі ісікке алып келуі мүмкін. Ол аналық безден өсіп шығып, әрі қарай ішкі ағзаларға дейін өршіп кете береді. Біз операция жасағанның өзінде гормондық дәрілермен емді жалғастыру қажет. Көп әйел гормондық дәрілерді тұтынуда салмақ қосудан қорқып, емді жалғастырмайды. Сөйтіп өршітіп алады, бұл дұрыс емес. Аналық тұқым жасушаларын азайтып алудан сақтану керек. Эндометриозды кистаның ішінен қан сияқты бөліністер шығатын болса, дермоидті кисталардың ішінен шаш, тырнақ, май шығады. Бүгінде дүниежүзінің гинеколог мамандары миома мен кистаның ДНҚ-сын анықтап, оның алдын алуға екпе салуды терең зерттеп жатыр. Алдағы онжылдықтарда біз бұл аурулардың себебін алдын ала білетін боламыз деген үміт бар. Ал негізінен миома да, киста да тұқым қуалайтын аурулар. Кейде сыртқы фактордың да әсерінен болуы мүмкін, дегенмен себебі әлі нақтыланбаған.
– Өзіңіз жұмыс істеп жүрген ҚР ПІБ МО ауруханасының Гинекология бөлімшесі қашан құрылды және қанша дәрігер бар?
– Аурухана 2015 жылы жаңа ғимаратқа көшкенде Хирургия бөлімшесінің құрамында 12 гинекологиялық төсек-орын болды. Бастапқыда үш гинеколог дәрігер жұмыс істедік. Науқастардың сұранысына қарай 2022 жылдың қыркүйек айында Гинекологиялық хирургия бөлімшесі жеке-дара бөлініп шықты. Бүгінде барлығы 24 төсек-орны бар бөлімшеде күніне 6-7 операция үздіксіз жасалады. Барлығы 5 жоғары санатты дәрігер жұмыс істейміз. Атап айтар болсам, акушер-гинеколог Әділ Адрешевтің жұмыс өтілі 20 жылдан асса, Сабира Рахимованың гинекология саласындағы тәжірибесі 18 жылды қамтиды. Білікті гинекологтер Айжан Саринаның 15 жылдық және Талғат Қапақовтың 14 жылдық тәжірибесі бөлімшеміздің науқастарға сапалы әрі сауатты қызмет етуіне серпін береді. Сондай-ақ бөлімшенің жұмысын жандандыруда еңбек етіп жүрген 20-дан аса білімді де білікті мейірбике мен санитарлардың қосып жатқан үлесін атап өткім келеді.
– Сіздің гинекология саласындағы еңбек жолыңыз қандай?
– Мен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегімін. Алғашқы еңбек жолымды 1995 жылы №1 Ақтөбе клиникалық перзентханасында жедел қызметтің акушер-гинекологы болып бастадым. Кейін акушерлік және гинекология кафедрасының ассистенті болдым. Отбасы жағдайымен 2000 жылы елордаға қоныс аударып, Ана мен бала республикалық ғылыми-зерттеу орталығында, Ұлттық ғылыми медициналық орталықта акушер-гинеколог дәрігері болып жұмыс істедім. ҚР ПІБ МО ауруханасында 2015 жылдың наурыз айынан бастап еңбек етіп келемін. Гинекология саласында 30 жылдық еңбек тәжірибем бар екен.
– Отыз жылдық тәжірибеңізде ерекше жағдайдың куәсі болған оқиға бар ма?
– Бізге басқа республикадан 11-сынып оқитын қызын жүкті деген күдікпен анасы ертіп келді. Қызының іші үлкейген. УДЗ қыздың жүкті емес, миомасы барын көрсетті.
Қанша аурухана жатырды сақтай алмаймыз деген көрінеді. Біз 100% кепілдік бере алмасақ та, барынша сақтауға тырысуға бекініп, 18 жасар қызға операция жасау жауапкершілігін алдық. Операция сәтті өтіп, жас қыздың жатырын сақтап қалдық. Анасы мен қызының қуанышында шек жоқ. Сенесіздер ме, қыздың жатырынан 1 кг 800 грамм миома шықты. Бұл дегеніміз кішкентай нәрестенің салмағымен тең ғой. Мен бұған дейін де, бұдан кейін де мұндай үлкен миоманы және оның өрімдей жас қызға біткенін көрмедім.
– Барлық қыз-келіншекке маман ретінде қандай кәсіби кеңестер айтар едіңіз?
– Бізде гинекологке бару ұятты көрінетін менталитет бар ғой. Тұрмысқа шығып, бала көтере алмай жатқанда барып тексерілуді бастайды. Маман ретінде айтар кеңесім, тұрмысқа шықпай тұрып алдын ала тексеріліп, организмде қандай да ақаулар болса, емделіп алған жөн. Әр әйел денсаулығы жақсы болса да, жыл сайын талдау тапсырып, УДЗ-ға түсіп отыруы керек. Сосын әркімнің тұрақты қаралатын, сенім артатын өз гинеколог дәрігері болғаны абзал. Көп қыз-келіншек тіпті дәрігерге бармай, интернеттегі ақпаратқа сүйеніп емделіп жатады. Онда жалпылама мағлұмат болған соң, сіздің жағдайыңызға диагноз емес. Сонымен қатар жыныстық қатынасқа 12-13 жастан ерте түсудің қажеті жоқ. Оған қоса, серігін көп ауыстыру құпталмайды, бұл әйелдің жыныстық мүшелеріне инфекция әкелуі мүмкін. Әйел адамның көңіл күйі әрдайым тұрақты, күйзелістен бойын аулақ ұстағаны дұрыс. Себебі гинекологиялық аурудың көбі гормондардың бұзылысынан туындайды.
– Әңгімеңізге рахмет!