Оқушыларымыз әлемдік есепте 17-орынға тұрақтады – Аймағамбетов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқушыларымыз математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті. Ұлттық құрамамыз 174 ұпай жинады, бұл - еліміздің осы олимпиадаға қатысу тарихындағы рекордтық көрсеткіші.
Бұл туралы Оқа-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.
IMO - әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша дәл осындай олимпиадаларда жүлде алған оқушылар мен олардың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгілеп, оқушыларға ҰБТ-ны тапсырмай-ақ еліміздің ЖОО-ларына түсуге болатындай жағдай жасағанымызды атап өткім келеді. Олимпиадаға қатысқан 6 оқушының барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері: Таир Сатубалдин, Фетуллах Сам, Мирон Юркевич;
Қола медаль алғандар: Әділет Зауытхан, Әділет Әбу, Юрий Тен.
Зияткерлік сайысқа 104 елден барлығы 589 оқушы қатысты, соның ішінде Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Канада және т.б. елдер бар, - деп жазды ол.
Сонымен қатар оқушыларымыз әлемдік есепте 17-орынға тұрақтады.
Жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаймын! Сіздер елімізді халықаралық аренада лайықты деңгейде, абыроймен таныстыра білдіңіздер. Ақыл-ойларыңыз, қажырлы еңбектеріңіз, табандылық пен ізденімпаз қабілеттеріңіз, білімге деген талпыныстарыңыз жаңа жеңістерге жетелей берсін!
Ұстаздарыңызға, әріптестеріме берген білімдері мен тәжірибелері үшін, ал ата-аналарыңызға сіздерге көрсеткен қолдауы мен тәрбиесі үшін алғыс айтамын, - деді Аймағамбетов.