Оқушыларға қорытынды баға қоятын жүйе таныстырылды
Қазақстандық BilimClass тегін цифрлық платформасы мектептерге арналған жаңа инновациялық құрал – Автоматтандырылған білім беру мониторингі жүйесін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа жүйе тоқсан қорытындысын жылдам бағалап, оқу процесін шынайы деректер негізінде толықтай бақылауға мүмкіндік береді.
Бүгінде BilimClass Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Платформаны 2,3 миллионнан астам оқушы мен 315 мыңға жуық мұғалім қолданады.
Жобаны еліміздегі жетекші EdTech экожүйесі Bilim Group жүзеге асырған. Компания құрамына Bilimland, OnlineMektep, BilimKids, iTest, BilimUstaz, Kitap.kz және SmartNation сияқты бірнеше білім беру жобалары кіреді.
Мониторинг жүйесі білім сапасы мен үлгерім деңгейі сияқты екі негізгі көрсеткішті автоматты түрде есептейді. Бағалау процесі тек мектеп көлемінде емес, әр параллель, сынып, пән, оқу тілі, мұғалім мен оқушы деңгейінде де жүргізіледі. Мұндай талдау пайдаланушыларға біртұтас және нақты деректерді ұсынады.
BilimClass жүйесіне мониторинг функциясын енгізудегі негізгі мақсат – мұғалім үшін түсінікті, қарапайым әрі нақты пайдасы бар құрал жасау. Біз деректерді автоматты түрде жинауға, оларды түрлі қырынан талдауға мүмкіндік беретін сүзгілер құруға, рейтингтер мен индекстерді қалыптастыруға және деректерді есеп дайындау процесінде қолдануға назар аудардық. Ең бастысы, жиналған ақпарат басқару деңгейінде нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беруі керек болды. Яғни, себепті анықтап, өзгерістерді уақытында байқап, келесі қадамды дұрыс жоспарлауға көмектесуі қажет, – дейді жаңа жүйені әзірлеуге қатысқан мамандардың бірі, Өскемен қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уалиев.
Негізгі көрсеткіштер бірыңғай әдіспен есептеліп, пайыз түрінде көрсетіледі. Жүйе тоқсандағы білім сапасы мен үлгерім деңгейін анық көрсетіп, қай сыныпта немесе қай пәнде мәселе барын бірден көруге мүмкіндік береді.
Автоматтандырылған білім беру мониторингі жүйесі төрт бағытты қамтыған: білім сапасы мен үлгерім (тоқсан нәтижелері мен сын-қатер аймақтарын бір экранда толық көрсетеді); мұғалім көрсеткіштері (нақты жүктеме мен алмастыруларды ескеретін жеке аналитика); оқушы статистикасы (мектептегі оқу үлгерімін топтар бойынша көрсетеді: үздік, жақсы, қанағаттанарлық, үлгерімі төмен және аттестатталмаған); сондай-ақ білім сапасы мен үлгерімге негізделген мұғалімдер рейтингі.
Айта кетерлігі, BilimClass платформасындағы бұл жаңа функция ұқсас сервистерден айқын ерекшеленеді. Көп жағдайда жүйелер тек бағаларды тіркеп, параллельдер бойынша есеп жасап қана шектеледі. Олар да белгілі бір деңгейде білім сапасын көрсеткенімен, терең талдау мен көрнекі визуализация ұсынбайды. Сондықтан жаңа мүмкіндікті әзірлеу барысында команда мектеп әкімшілігіне ыңғайлы болуды басты назарға алған: қажет көрсеткіштерді бірден көру арқылы осал тұстарды анықтап, жұмысты дер кезінде бастауға жағдай жасалған. Жүйе мұғалімдерге немесе басшылыққа қиын әрекет жасауды ұсынбайды, керісінше, мектептің жалпы ахуалына қатысты барлық ақпарат бір экранда шоғырланған.
Мониторинг функциясы арқылы BilimClass мектептерге интерфейсі түсінікті, терең талдау жасай алатын құралды ұсынады: жалпы мектеп бойынша көрсеткіштерден бастап, әр сынып, әр оқушы және әр мұғалім деңгейіндегі деректерге дейін толық жағдайды көрсетеді. Жүйе оқу барысындағы олқылықтарды анықтап, оларды қалай түзету керегін ұсынады, сондай-ақ қай бағытта әдістемелік қолдауды күшейту керек, қандай пәндер мен сыныптарды басымдыққа қойған дұрыс деген сияқты басқару деңгейіндегі шешімдерді қабылдауға көмектеседі. Бұдан бөлек, жүйе сын-қатерлердің алдын алып, ата-аналармен және педагогтермен жұмыс барысында ашықтықты қамтамасыз етеді, сол арқылы мектептегі білім сапасын жүйелі түрде жақсартуға негіз бола алады, - дейді компанияның жоба менеджері Фархат Усен.
Осылайша, жүйе жай ғана қорытынды есеп ұсынбай, оқу сапасы мен үлгерімді басқаруға арналған толыққанды құрал қызметін атқарады. Мектеп бір жерден ашық көрсеткіштерді, терең талдау мен нәтижелерді әділ анықтауға мүмкіндігін алады. Бұл осал тұстарды жылдам анықтап, мықты тұстарды жүйелі түрде дамытуға жол ашады.
BilimClass жүйесіне Автоматтандырылған білім беру мониторингі жүйесінің енгізілуі мектеп мәдениетінің өзіне өзгеріс әкеледі. Педагогтер мен әкімшілік көрсеткіштерді жай тіркеп қана қоймай, оларды талдауға, интуитивті байламдардан деректерге негізделген шешімдерге көшеді. Мектепте дәлел арқылы талдау мәдениеті қалыптасады: әдістемелік бірлестіктерде, жиналыстарда және педкеңестерде тек нәтиженің өзі емес, оның себептері мен жақсарту жолдары талқыланады. Мұғалімдер өз динамикасын көріп, нәтижелерді салыстырып, бір-бірімен тиімді тәжірибе алмаса алады. Бұл кәсіби жауапкершілік пен командалық жұмысты күшейтеді, - дейді Данияр Уалиев.