Оқушыларға «Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен келген 70-ке жуық оқушыға «Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олардың арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. 

Аталған шара аясында оқушылар резиденцияның бірінші қабатындағы Орталық салтанатты холл мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған «Салтанат» залын, түрлі жиындар өтетін «Шығыс», «Мрамор», «Алтын» «Доғал» және басқа да келіссөздер залдарын тамашалады, сондай-ақ кітапхананы аралап көрді.

Бұдан бөлек, оқушылар еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректермен танысты.

Айта кетейік, жуырда Астана қаласының тұрғыны, 1-сынып оқушысы Асылтас Саяділ Ақорданы аралап көргісі келетінін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған болатын. 

Бүгін Халықаралық балалар күніне орай «Ақорда» резиденциясына ұйымдастырылған экскурсияға Асылтас арнайы шақырылып, ғимаратты аралап көрді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы