Оқушылардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа жоба басталды
Жаңа оқу жылының алдында Қазақстан бойынша мыңдаған педагогті біріктірген тамыз конференциялары өтіп жатыр. «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту - білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбы аясында мұғалімдер оқытудың соны әдістерін талқылап, жұмысты жеңілдететін әрі білім сапасын арттыруға мүмкіндік беретін озық құралдармен танысуға мүмкіндік алды.
Білім беру саласын дамытуға бағытталған шешімдердің бірін Bilim Group экожүйесі ұсынды. Осы жылдың қыркүйек айында BilimClass тегін электрондық журналында Алматы қаласы (Бостандық ауданы) мен Абай облысының прокуратураларымен бірлесіп әзірленген әлеуметтік осал топтағы оқушыларға мониторинг жүргізу функциясы іске қосылмақ. Бұл жүйе жедел үн қатып, баланың қиын жағдайда жалғыз қалуына жол бермеуге ықпал етеді. BilimClass жобасының жетекшісі Фархат Үсен мониторингтің жұмыс істеу механизмі мен платформаның балалардың дербес деректерін қорғауды қалай қамтамасыз ететінін айтып берді.
BilimClass өнімінің жетекші менеджері Фархат Үсеннің сөзінше, жаңа жүйе ең әуелі ақпараттың шашыраңқылығын жояды.
Балалардың әлеуметтік мәртебесі мен есепте тұруы туралы мәліметтер білім беру мекемесінен тыс сақталса, сабаққа қатысуы мен бағалары BilimClass базасында жиналады. Осы екі дереккөзді тоғыстырмайынша, есепте тұрған оқушының мектептен шеттей бастағанын дер кезінде аңғару мүмкін емес еді. Осыдан барып көмек көрсету шаралары тым кеш басталатын. Алматы қаласы Бостандық ауданы мен Абай облысының прокуратураларымен бірлескен жоба дәл осы түйткілді шешуге арналған, - дейді ол.
Модуль баланың әлеуметтік жағдайын, сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін және психологиялық факторларды кешенді түрде талдайды. Сигнал түскен сәтте арнайы мобильді топ жедел көмек көрсетуге мүмкіндік алады. Пилоттық жоба 2026 жылдың қыркүйегінде басталып, алты айға созылмақ. Нәтижеге қарай жүйені өзге өңірлерге енгізу жоспарланып отыр.
Прокуратура органдары әлеуметтік санаттағы оқушылар тізімін жасақтаса, BilimClass үлгерім мен сабаққа қатысу динамикасын қадағалайды. Жүйе бағаның төмендеуі, сабақты босату, есепте тұруы мен психологиялық факторларды автоматты түрде саралап, қауіп деңгейін анықтайды.
Жүйедегі интерактивті карта арқылы өңірдегі, аудандағы, мектептердегі жағдайды анық көруге болады. Қатер деңгейі жоғары немесе орташа балалардың саны, олардың айлық және апталық динамикасы бірден көзге түседі.
Оқушылар тізімі шұғылдығына қарай 4 топқа бөлінеді: жоғары қауіптегі және есепте тұрғандардан бастап, орташа қауіптегі оқушыларға дейін. Мұнда әр баланың қай пәннен қаншалықты артта қалып жатқаны нақты көрінеді. Сонымен қатар мобильді топтар күн сайын таңертең тек жаңадан қауіп тобына түскен оқушылар тізімін алады. Бұл қайталанатын ақпаратты азайтып, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Оған қоса, соңғы 10 оқу күніндегі сабақ босату мен үлгерім төмендеуі туралы толық мәлімет ұсынылады.
Балалардың жеке ақпаратының құпиялығын сақтау - жобаның ең басты басымдықтарының бірі. Фархат Үсеннің айтуынша, BilimClass жүйесінде ақпараттық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған. Прокуратура қызметкері тек өз модулі мен профилін ғана көреді. Платформаның басқа бөлімдеріне өте алмайды, тіпті тікелей сілтеме арқылы кіруге де тыйым салынған. Республика, облыс, қала және аудан деңгейлері сараланған. Маман тек өзіне қарасты аумақтың мәліметтеріне ғана қол жеткізе алады. Жүйеге кіру eGov Mobile қолданбасы арқылы расталады.
Қызметкер жеке кабинетінде ЖСН мен телефон нөмірін растап, барлық белсенді сессияларды тоқтата алады. Жүйеге енгізілетін деректер де қатаң сүзгіден өтеді: ЖСН дұрыстығы, міндетті өрістердің толықтығы және мектеп базасындағы оқушылармен сәйкестігі тексеріледі. Деректерді жүктеу уәкілетті маман тарапынан айына бір рет орындалады. Ал қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда, оның аккаунты бірден архивке өтеді, - деді Фархат Үсен.
Айта кетейік, бұған дейін жаңа оқу жылында мұғалім мен оқушы үшін 1 қыркүйектен бастап не өзгеретіні хабарланды.