Оқушылардың каникулына қатысты үндеу жарияланды
Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың көктемгі каникулын қалай өткізу керегін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі – баспасөз хатшысы Мереке Аманкелдіқызы ІІІ тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалғанын айтты.
Көктемгі каникул 2025 жылдың 21 наурызы мен 31 наурызын қоса алғанда 11 күнге созылады.
Мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған guidebook әзірленді. Онда әр демалыс күні наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне, отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді, - деді ол.
Мереке Аманкелдіқызы ең бастысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігіне және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады.
Сөзінше, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыныс ретінде жолданады.