18 Наурыз 2025 2025, 13:10 Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқушылардың емтихан кестесіне өзгерістер енгізілді

Биыл оқушылардың қай күндері қорытынды емтихандарын тапсыратыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл оқушылардың қай күндері қорытынды емтихандарын тапсыратыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдеріне, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында қорытынды аттестация өткізу кестесіне өзгерістер енгізу туралы бұйрық дайындады.

Құжатта қорытынды аттестацияның мерзімдері ұсынылған. 

Олар мынадай:
- 9 (10) сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары – 2025 жылғы 29 мамыр – 10 маусым аралығында (бұрын 9 маусымға дейін жоспарланған).
- 11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары – 2025 жылғы 30 мамыр – 16 маусым аралығында (бұрын 13 маусымға дейін болған).

Өзгерістердің басты себебі – Құрбан айт мейрамы, ол ресми мереке және демалыс күні болып белгіленген.

Министрлік бұл өзгерістер оқушылардың кеңес алуына қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ қорытынды бақылау нәтижелерімен келіспеген жағдайда апелляциялық комиссияға жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отырғанын мәлімдеді.

Қорытынды аттестацияның нақты күндері

9 (10) сынып оқушылары үшін:
- Математика (алгебра) пәнінен жазбаша емтихан – 29 мамыр 2025 жыл.
- Қазақ тілі/орыс тілі және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі пәнінен эссе жазу – 2 маусым 2025 жыл.
- Таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 5 маусым 2025 жыл.
- Қазақ тілі мен әдебиеті (орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік сыныптары үшін) немесе орыс тілі мен әдебиеті (қазақ сыныптары үшін) пәнінен жазбаша емтихан – 10 маусым 2025 жыл.

11 (12) сынып оқушылары үшін:
- Қазақстан тарихынан ауызша емтихан – 30 мамыр 2025 жыл.
- Алгебра және талдау бастамалары пәнінен жазбаша емтихан – 4 маусым 2025 жыл (бұрын 3 маусым болған).
- Қазақ тілі/орыс тілі және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі пәнінен жазбаша емтихан – 9 маусым 2025 жыл (бұрын 6 маусым болған).
- Таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет, шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 12 маусым 2025 жыл.
- Қазақ тілі мен әдебиеті (орыс/ұйғыр/өзбек/тәжік сыныптары үшін) немесе орыс тілі мен әдебиеті (қазақ сыныптары үшін) пәнінен жазбаша емтихан – 16 маусым 2025 жыл (бұрын 13 маусым болған).

Бұл құжат Ашық НҚА порталында жарияланды және 2025 жылғы 7 сәуірге дейін қоғамдық талқылау үшін қолжетімді.