Оқушылардың денсаулығы назарда: Елімізде HBSC жобасының үшінші кезеңі басталды
Зерттеу нәтижелері алдағы уақытта балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жетілдіруге, профилактикалық бағдарламаларды әзірлеу мен бағалауға негіз болады.
Қазақстанда мектеп жасындағы балалардың денсаулығын зерттеуге бағытталған HBSC халықаралық жобасының үшінші кезеңі басталды. Зерттеуге еліміздің барлық өңірлерінен 5, 7 және 9-сынып оқушылары қатысуда, деп хабарлайды BAQ.KZДенсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
HBSC (Health Behaviour in School-aged Children) – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (WHO) бірлесіп жүзеге асырылатын ірі халықаралық зерттеу. Жоба әр төрт жыл сайын бірыңғай әдістеме бойынша 50-ден астам елде қатар өткізіледі. Қазақстан бұл зерттеуге үшінші рет қатысып отыр: алғашқы кезеңі 2018 жылы, екіншісі 2022 жылы өткен.
Зерттеу аясында оқушылардың физикалық және психикалық денсаулығы, тамақтану дағдылары, дене белсенділігі, ұйқы сапасы, зиянды әдеттер, буллинг пен кибербуллинг мәселелері, сондай-ақ мектеп ортасы мен әлеуметтік жағдайы жан-жақты зерделенеді.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба тек сауалнама ғана емес, балалар мен жасөспірімдердің өз денсаулығына деген көзқарасын анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері алдағы уақытта балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жетілдіруге, профилактикалық бағдарламаларды әзірлеу мен бағалауға негіз болады.