Оқушылар үй тапсырмасын ChatGPT-мен істейді: Аймағамбетов жүйені өзгертуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жасанды интеллектіні (ЖИ) білім беру жүйесіне енгізу мәселесіне қатысты пікір білдіріп, басты қауіп технологияның өзінде емес, оны қолдану саясатының әлсіздігінде екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллект – қазіргі таңда ұнай ма, ұнамай ма, қоғамның қолында бар ең маңызды технологиялардың бірі. Оны игеру мен барлық салаға, соның ішінде экономикаға, әлеуметтік салаға, білім мен ғылымға енгізу – бүгінгі күннің талабы. Бұл үдерістен қашып құтылу мүмкін емес.
Мәселе жасанды интеллектіні қолдану немесе қолданбау емес. Басты сұрақ – біз оны қалай қолданамыз. Жасанды интеллект – жай ғана механизм. Оны тек қана жақсы немесе тек қана жаман деп айтуға болмайды, – деді Аймағамбетов.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жасанды интеллектіні тиімді, этикаға сай қолдана білсек, ол экономиканың, мемлекеттің, білім мен ғылымның дамуына зор үлес қоса алады. Алайда ең басты мәселе – оны тиімді пайдалану үшін нақты мемлекеттік саясаттың жоқтығы.
Депутат білім беру саласында бұл мәселе ерекше өткір тұрғанын атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда балаларды бағалау жүйесі, үй тапсырмасын беру тәсілдері түбегейлі өзгеруі тиіс.
Балаларға бұрынғыдай ескі форматта үй тапсырмасын беру мүмкін емес. Өйткені олар не істейді? ChatGPT мен Gemini-ді пайдаланады да, дайын жауапты алып келеді, – деп айтты ол.
Осыған байланысты, қай жаста, қай сыныпта, қай тақырыпта жасанды интеллектіні қолдануға болатыны жөнінде нақты саясат, нақты жоспар және нақты бұйрықтар қажет екенін айтты.
Егер мұндай құжаттар болмаса, балалар жасанды интеллектіні қалай болса солай қолдана береді. Ал бұл көбінесе үстірт ойлауға әкеледі, сыни ойлау қабілетінің әлсіреуіне себеп болады.
Асхат Аймағамбетов бұл пікірін ғылыми зерттеулерге ғана емес, өзінің жеке тәжірибесіне сүйене отырып айтып отырғанын жеткізді.
Мен өзім сабақ беремін. Өз тәжірибемнен көріп отырмын. Бала – бала, студент – студент. Ол қатты қиналғысы келмейді, дайын жауапты алғысы келеді, – дейді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі қоғам “дайын жауаптар әлемінде” өмір сүріп жатыр. Ал жасанды интеллект бұл үрдісті одан әрі күшейтіп отыр.
Бұл Coca-Cola сияқты. Қанша ішпе десең де, егер үстелде тұрса, бала оны бәрібір ішеді. Сондықтан нақты мемлекеттік саясат керек: қалай қолданамыз, қалай қолданбаймыз, қай кезде қолданамыз, қай кезде қолданбаймыз, – деп ойын айтты Асхат Аймағамбетов.
Депутат мектептер мен университеттерде бұл бағытта белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатқанын мойындады. Алайда негізгі мәселелер әлі шешілмегенін ашық айтты.
Мысал ретінде ол балаларды бағалау мен үй тапсырмасын реттейтін №125 бұйрықты атады.
Бұл бұйрықты өзгерту керек еді. Бірақ әлі өзгертілген жоқ. Сол сияқты мемлекеттік стандарттарды, білім беру бағдарламаларын, сабақ беру тәсілдерін өзгерту бойынша да жұмыс толық аяқталған жоқ, – деп санайды ол.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов жасанды интеллектіні “ақ немесе қара” деп біржақты бағалауға қарсы екенін атап өтті.
Біз жасанды интеллектіні демонизацияламауымыз керек. Ол – жай ғана құрал. Қалай пайдаланамыз – соған байланысты оның пайдасы да, қаупі де бар, – деп ойын бөлісті ол.
Осы бағытта заңнамалық жұмыс атқарылғанын да еске салды. Депутаттың айтуынша, ол жасанды интеллект туралы заң жобасының авторларының бірі.
Қазіргі таңда цифрлық кодекс қабылданып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Парламент өз жұмысын орындаған.
Ендігі кезекте, оның пікірінше, негізгі жауапкершілік салалық министрліктерге жүктеледі.
Министрліктер өз бұйрықтары арқылы бұл жұмысты дұрыс ұйымдастыруы керек. Қазір мектептер мен университеттер үшін: жасанды интеллектіні үй тапсырмасында қалай қолданамыз, мұғалімдер оны қалай пайдаланады, бағалау қалай жүреді деген сұрақтарға толық жауап жоқ, – деді ол.