Оқушылар төбелесі. Жаңа деректер анықталды

Қызылорда облысы Қазалы ауданында орын алған мектеп оқушысының аяусыз соққыға жығылған оқиғасынан соң 10 құқық қорғау қызметкеріне қатаң тәртіптік жаза жарияланды, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы баспасөз конференциясында облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов мәлімдеді.

6 сәуір күні Қазалы ауданында сабақ уақытынан тыс мектеп оқушылары арасында жанжал туып, арты төбелеске жалғасты. Төбелес кезінде №70 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Сәбит Қуандық соққыға жығылған. Күдіктілер оқушыны сабап ғана қоймай, қылмыстық әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, аталған бейнежазба әлеуметтік желіде кең тараған болатын. Жасөспірімдердің аяусыз әрекеті қоғамдық резонанс тудырып, оқиғаның мән-жайын анықтауға сала басшыларының араласуына тура келді.

Аталған оқиғаға қатысты ұрып-соғу оқиғасы бойынша анықтау шаралары қолға алынып, тергеу жұмыстары жүргізізіліп жатыр. Қазіргі таңда қылмыстық келеңсіздікке жол берген 10 құқық қорғау қызметкеріне қатаң тәртіптік жаза берілді. Олардың ішінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полицей, жедел-тергеу мамандары бар. Ал аудандық полиция бөлімінің басшысын қызметінен босату туралы ұсыныс ІІМ-ге жіберілді, – дейді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Егенбердіұлы.

Айта кетейік, бүгінде оқиғаға қатысы бар деген №266 мектеп лицейдің 5 оқушысы анықталған. Олардың үшеуі 9-сынып, қалған екеуі 10 және 11-сынып оқушылары.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясында болған оқиғаға қатысты тың деректің беті ашылды. Оқушы баланы соққыға жықты деген күдіктілердің арасында бұрынғы құқық қорғау қызметкерінің баласы да бар көрінеді. Облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары мәліметінше, күдіктілердің бірінің әкесі 2017 жылы зейнетке шыққан полиция капитаны екен. Жәбірленушінің анасы бұл факті істің жеңіл жабылуына итермелей ме деген күдікте.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың сөзінше, қазіргі уақытта соққыға жығылған баланың жағдайы қалыпты, тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, жәбірленуші ауруханаға түскен сәтте облыс орталығынан арнайы дәрігерлер тобы ауданға барып, медициналық қызмет көрсеткен.

Болған оқиғаға қатысты баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Шермағанбет Мейрамбек те ресми пікір білдірді.

Ауданға барғанда жарақат алған оқушының жағдайымен танысу үшін арнайы өзім ауруханаға бардым. Баланың денсаулығы бірқалыпты, ем қабылдап жатыр. Ата-аналарымен де кездесіп, әңгімелестім. Осы орайда әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде үйлестірмеген және кемшіліктерге жол берген Қазалы ауданындағы №70 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыстан босатылып, директорларына қатаң шара қолданылатын болады, – деді.

Сонымен қатар ол Қазалы ауданына барған сапарында аудан әкімімен бірге №70 мектептің жоғары сынып оқушылары және ата-аналары, мұғалімдермен кездесу өткізгенін жеткізді.

Жиын барысында барлық жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарымен кездесіп, аталған мәселені талқылап, түсіндіру жөнінде білім бөлімі мен білім беру ұйымдарының басшыларына тиісті тапсырмаларды жүктедім. Сондай-ақ, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге байланысты балалардың қызығушылықтарына, сұраныстарына сай жаңа әдістерді, түрлі тәсілдерді пайдалану керектігі жөнінде және ата-аналар комитетімен жұмысты күшейтуді тапсырдым, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: скрин
Өзгелердің жаңалығы