Оқушылар қыста 10 күн демалады

Екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Қысқы каникул кезеңі 2025 жылдың 29 желтоқсаны мен 2026 жылдың 7 қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту маңызды. Осы мақсатта “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бірқатар іс-шара көзделген.

Балаларға бос уақытында: 
* кітап оқу; 
* музейлерге, көрме залдарына, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсияларға бару; 
* спорттық ойындарға қатысу, коньки, шаңғы тебу; 
* қайырымдылық акциялары және басқа да іс-шараларға қатысу ұсынылады.

Мектептерде, қосымша білім беру ұйымдарында бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу ұсынылады.

Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың қоғамдық қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аудару қажет, – делінген министрліктің хабарламасында.

Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәди Искаков - архив
Өзгелердің жаңалығы