Оқушылар мектеппен қатар колледжде де оқи алуы керек – депутат
Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
10-11 сынып оқушыларына өз таңдауы бойынша мектептегі оқумен бірге колледждерде параллельді түрде оқуға мүмкіндік беру ұсынылады. Мысалы, ауылдарда бала сабақта түске дейін болады. Көбіне бір аусымда оқиды. Түскен кейін балаға колледждерде параллельді түрде қосымша мамандық алып шығуға мүмкіндік беруші едік. Бүгінде 11-сынып бітіргендердің 50 мыңы 11-сыныптан кейін колледждерге түсіп жатыр, - дейді ол.
Аймағамбетовтың айтуынша, бұл балалар мектепте оқыған пәндерін қайтадан колледжде оқиды.
Біздің ойымызша, 10-11 сыныптарда оқып жатқан балаларға колледжде параллельді оқуға мүмкіндік беру – бұл ақшаны да азайтады, олардың уақытын тиімді жұмсауға көмектеседі және олар мектепті бітіргенде аттестатпен бірге нақты мамандықты алып шығады, - деп ұсынысын айтты мәжілісмен Үкімет сағатында.