Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалатыны белгілі болды
Оқушылар үшінші тоқсанның аяқталуын тағатсыздана күтіп жүр.
Көктемгі каникул кезеңі биыл 21 наурыз бен 31 наурызды қоса алғанда он бір күнге жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11-сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді, - делінген министрліктің хабарламасында.
Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:
• театр фестивальдері мен қойылымдары;
• шеберлік сабақтары;
• қауіпсіздік сабақтары;
• мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
• спорттық ойындар;
• қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.